Башқұртстан делегациясы ШЫҰ саммитін ұйымдастыру бойынша Астананың тәжірибесімен танысты

Вице-премьер Салауат Сағитов бастаған Башқұртстан өкілдері сапарының негізгі мақсаты халықаралық ірі іс-шараларды, нақты айтқанда, Қазақстан астанасында 2011 жылы өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін ұйымдастыру бойынша тәжірибені зерделеу болды.
«Башқұртстан делегациясы ШЫҰ саммитін өткізуге жұмылдырылған Астананың инфрақұрылым нысандарында: Тәуелсіздік сарайында, Бейбітшілік және келісім сарайында, «Қазақстан» концерт залында болды», - деп хабарлады Башқұртстан үкіметінің баспасөз қызметінен.
С.Сағитов ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиевамен мәдени байланыстарды дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер өткізді. «ШЫҰ әлеуметтік кеңістік ретінде» тақырыбымен «дөңгелек үстел» өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Тараптар сондай-ақ Астана мен Уфа қалаларында Башқұртстан мен Қазақстандағы әлеуметтік мектептердің негізін қалаушылардың бірі Нариман Аитовтың құрметіне «Аитов оқулары» ғылыми-әлеуметтік форумын өткізу мәселесін қарастырды.