Басым және проблемалы өңірлердің картасы әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM — Ауылдық округтер бөлінісінде экономиканың неғұрлым осал салаларын айқындауға мүмкіндік беретін басым және проблемалы өңірлер картасы әзірленіп жатыр.
Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Мемлекеттік жоспарлау жүйесін өзектілендіру аясында аудандарды (облыстық маңызы бар қалаларды) дамыту жоспарлары әзірленді. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) даму жоспарларын іске асыру үшін инвестициялық жоспар мен басым және проблемалы өңірлердің картасын әзірлеу көзделеді. Инвестициялық жоспар жалпы аудан мен әрбір ауылдық округті жеке дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың тізбесін қамтиды, — деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларға басымдық беріледі.
— Инвестициялық жоспармен қатар ауылдық округтер бөлінісінде экономиканың неғұрлым осал салаларын айқындауға мүмкіндік беретін басым және проблемалы өңірлердің картасы әзірленуде. Карта негізінде аумақтарды қаржыландыруға басымдық беру жүйесі қалыптастырылатын болады. Бұл тәсілді іске асыру аудандардың, елді мекендердің қамтамасыз етілу деңгейіне және нақты сұранысына бағдарланған қаржы ресурстарын нысаналы бөлуді қамтамасыз етеді, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Бюджет кодексінің жаңа ережелері өңірлердің қаржылық дербестігіне тұсау болмауы тиістігін ескерткен еді.