14:46, 14 Ақпан 2009 | GMT +5
Басқа аймақта тіркеліп, Алматыда кәсібін дамытқан кәсіпорындардан арылу қажет - Алматы әкімі
АЛМАТЫ. Ақпанның 14-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда соңғы уақытта басқа аймақтарда тіркеліп, ірі шаһарда кәсібін қыздырған кәсіпорындар көбейген.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен қалалық салық департаментінің қорытынды жиналысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мәселен, бүгінде қалада осындай 147 кәсіпорын бар. Қалалық салық департаменті директоры Нұрила Үсенованың айтуынша, бұндай кәсіпорындар Алмалы ауданында - 55, Жетісу ауданында - 51, Әуезов ауданында - 31, Бостандық ауданында - 22, Түркісіб ауданында - 22, Медеу ауданында 21-ге жеткен. Отырысқа қатысқан қала әкімі Ахметжан Есімов аудандардың салық саласы басшыларына қала бюджетіне салық төлемейтін бұндай кәсіпорындардан 1-ші тоқсанның соңына дейін арылу қажеттігін ескертті. «Алматыда табыс тапса Алматыға тіркеліп, салық төлесін», - деген әкім, бұл кәсіпорындардың үлкен шығын келтіретінін де атап өтті. Ол қаладағы аудан әкімдеріне де 1 аптаның ішінде бұндай кәсіпорындарды тізімдеп, есеп беруді тапсырды. Алматы әкімі бұнымен қатар 2008 жылдың қорытындысы бойынша акциз бен алкогольдік өнімдерден түсетін салықтың 40 пайызға дейін азайып кетуін сынға алды. «Жыл қорытындысы бойынша жер салығы 109 пайызға, көлік 127 пайызға орындалған. Ал акциз, алкоголь бойынша салықтық көрсеткіштер арақ - 43 пайыз, шарап 36 пайызға азайған. «Алматыда алкогольді 40 пайызға аз тұтына бастады дегенге кім сенеді. 5-6 пайыз болса бір жөн. Демек бізде заңсыз жолмен кетіп жатқан арақ өнімдері бар. Бұны біреу қолдап, табыс тауып отыр», - деген әкім салық департаментінің басшысына бұның себебін анықтауды тапсырды. Сонымен қатар құрылым басшысына жемқорлық мәселесімен де айналысу қажеттігін ескертті. Өткен жыл қорытындысы бойынша қалалық салық департаменті жемқорлық белең алған мекемелер тізімінде 13-ші орында тұр.