Басқару жүйесі реттелген бизнес субъектілері кез келген дағдарысты еңсере алады - З. Бикомбаева

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Дағдарысқа қарсы шағын және орта бизнеске арналған апталық» жобасының соңғы сессиясы өтті. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ғимаратында өткен шараға осы жобаны ұйымдастырушылар - Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы мен «Tarlan PM Group» ЖШС басшылары, сондай-ақ, «Даму» қоры, шағын және орта бизнес субъектілері және БАҚ өкілдері қатысты.
None
None

 «Дағдарыс кезінде көптеген бизнес құрылымдардың жағдайы нашарлайды. Біреулер несие алып, енді біреулер қысқарту жүргізіп күн көргілері келеді. Біз сараптама жүргізе келе кәсіпкерлердің басты тауқыметін анықтадық. Ол - басқару жүйесі. Көптеген компанияларда лайықты басқару, жоспарлау жүйесі жоқ болып шықты. Бар болса да ол реттелмеген. Кәсіпкерлер бір жобаны алады да, алдарына нақты мақсат қоймай, нарыққа шыға салады. Содан, қарманып жүріп, бір жерден көргенін, оқығанын, біреуден естігенін өз ұйымында ендіруге тырысады. Сөйтеді де дағдарыс кезінде мұз үстінде жүргендей күй кешеді. Көп шығынға батады. Ал бұл, ерте ме кеш пе банкротқа әкеп соқтыруы мүмкін», - деді  «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында «Tarlan PM Group» ЖШС бас директоры Зарина Бикомбаева.       

Сонымен қатар, ол кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерді бизнеске саналы түрде жауапкершілікті сезініп келуге  шақырды.

«Қазір, 90-шы жылдар емес. Абыл-сабыл бизнестің заманы өтті.  Бизнес - бұл белгілі бір орта. Бизнес - бұл құрал. Кәсіпкер оны басқарып, табыс алып, әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, қоғамға пайда әкелуі тиіс. Ең бастысы, төрт басқару құралы - ұйымдық құрылымды,  жоспарлау жүйесін, бақылау жүйесін және кадрлар мен құзыреттілікті оңтайландырып, компанияны өзін-өзі реттеу деңгейіне шығару қажет, Сонда кез келген дағдарысты еңсеруге болады», - деді З. Бикомбаева.

Естеріңізге сала кетелік, биыл Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы  «Tarlan PM Group» аудиторлық компаниясымен бірлесе отырып, «Дағдарысқа қарсы шағын және орта бизнеске арналған апталық»  жобасын қолға алған болатын. Ол бір бойы - 15 ақпаннан 15 наурызға дейін жүзеге асырылды. Осы аралықта алғашқы тур барысында әр түрлі салада қызмет атқаратын 40-тан астам алматылық шағын және орта бизнес субъектілерінен олардың проблемаларына қатысты сауалнама алынды. Кейінгі үш турға барлығы 8 компания іріктеліп алынды. Палата мен аудиторлық компанияның ең білікті сарапшылары осы субъектілердің мәселелерімен терең танысып, зерттеу және сарапатама жүргізе отырып, әрбір компания үшін лайықты басқару стратегиясын әзірлеп берді.  

Бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында тегін жүргізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта бұл жобаны республикалық деңгейде жүргізу көзделіп отыр. 

Соңғы жаңалықтар