Басқару жүйесіндегі жаңғыруға Президенттік жастар кадр резерві леп береді – Әлихан Бәйменов

Әлихан Бәйменов
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы уақытта қоғамда түбегейлі өзгерістер мен жаңару үрдісі жалғасып жатыр. Еліміз «Әділетті Қазақстан», «Жаңа Қазақстан» деген батыл ұранмен алға биік мақсаттар қойып, жаһанданудың даңғыл жолында нық қадам жасап келеді. Осы ретте, Қазақстанның мемлекет қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет Хабы (ACSH) басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов агенттік тілшісіне Президенттік жастар кадр резерві жайлы өз ойын айтты.

Оның айтуынша, табиғаттың да, қоғамның да, кез келген жүйенің де жаңарып, жаңғырып отыруы – дамудың шарты.

– Бұл – жаңа заманға бейімделудің заңдылығы. Қазақ «елу жылда ел жаңа» десе, Ұлы Абай «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді. Яғни, тозығы жеткен дәстүрден арылып тұру керек. Ендеше қоғам жаңғырып отырғанда соған сай қоғамның ортақ ісімен айналысатын мемлекет қызметтің де жаңғыру қажеттілігі туындайды. Бұл бір жағынан күнделікті өз кезеңімен жүріп жататын конкурстар арқылы жүзеге асады. Иә, босаған орындарды жаңа адамдар толықтырып, зейнетке шыққандардың орнына жаңа адамдар келеді. Бірақ, кейбір тарихи бетбұрыс сәттерінде жаңа лепті көбірек алып келу мемлекеттер тәжірибесінде бар шешім. Осы тұрғыда Президенттік жастар кадры резерві жобасын атап өтуге болады, – деді Әлихан Бәйменов.

Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Президенттік жастар кадр резервінің негізгі көздеген мақсаты – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу. Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Әрқайсыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз» деп жастарға зор сенім артқан болатын.

Әлихан Бәйменов бұл жоба бұған дейін мемлекеттік қызмет жүйесінде қалыптасқан іріктеу, жоғарылату тетіктеріне балама емес екенін атап өтті.

– Бұл жоба соны толықтырады десек болады. Яғни, бұған дейінгі іріктеу жүйелерінде түрлі себептермен, мүмкін саяси дүниетанымдық себептермен мемлекеттік қызметке барғысы келмей жүрген, жергілікті жерде яки орталықта болған түрлі тосқауылдарға тап болған азаматтарға тамаша мүмкіндік. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар тетік. Дарыны, күш-қуаты бар, өзін ірі істерді меңгеруге лайық санайтын азаматтар күрделі іріктеуден өтеді. Жалпы, бұл жүйені дұрыс пайдалана білсе маңызды тетік екенін атап өткен жөн, – дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде Президенттік жастар кадр резервінде 400 маман бар. Соның 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр.

Соңғы жаңалықтар