Баскетбол: Түркістандық қыздар VI жазғы жастар спорт ойындарының жеңімпазы атанды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгін Түркістан қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде баскетболдан қыздар арасында VI жазғы жастар спорт ойындарының жүлдегерлері белгілі болды.

спорт
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі атап өткендей, төрт жылда бір өтетін кешенді жарысқа спорттың бұл түрінен 16 команда (224 спортшы) өзара мықтыны анықтады.

Финалда жарыс қожайыны Түркістан командасы елордалық баскетболшылармен ойнап, аса тартысты матчта 76:68 есебімен басым түсті.

спорт
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қола медаль жолында Шымкент қаласы мен Атырау облысының командасы кездесті. Мұнда 82:53 есебімен мұнайлы өңірдің бойжеткендері басым болды. Ал үздік бестікті Жетісу облысын айқын басымдықпен жеңген (есеп: 53-35) Ақмола облысы түйіндеді.

Баскетболдан осыған дейінгі V жастар спорт ойындарын Щучинск қаласы қабылдаған. Ол кезде қыздар арасында 14 команда жиналып, Шымкент қаласы чемпион атанса, Астана қаласы мен Қостанай облысы үздік үштікте болған.

спорт
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Түркі әлемінің рухани астанасында ұйымдастырылған баскетбол бәсекесінде барлық команда жоғары дәрежелі ойын көрсетті.

Бұл спорт ойындары жастардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың өзара тәжірибе алмасуына, достық қарым-қатынас орнатуына жол ашады. Сонымен қатар алдағы уақытта халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын спортшыларды анықтауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, төрт жылда бір өтетін жастар спорт ойындарына 18 жасқа дейінгі баскетболшылар қатысты. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін қазақстандық боксшылардың «Жібек жолы» турниріндегі алғашқы қарсыластары анықталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар