Баскетболшы Нанаевтың өліміне оңтүстік жастарының еш қатысы жоқ - әкім орынбасары

«Бұл іспен құқыққорғау органдары айналысып жатыр. Осы сұраққа қатысты брифинг өткіздік. Тергеу жүргізілуде. Күдікті төрт адам ұсталды. Онда «Серпін» бағдарламасының қатысушылары жоқ. Менің ойымша, құқыққорғау органдары тиісті шешімін жасайды. Облыс әкімі, ІІД басшысы мен Бас прокурор бұл істі бақылауда ұстап отыр», - деді ол бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айта кетейік, «Серпін» бағдарламасы 2014 жылдан бері жұмыс істеуде. Оның мақсаты - мамандарға зәру солтүстік, шығыс және батыс өңірлеріне оңтүстік (ОҚО, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары) жастарын көшіру, оларды оқыту және жұмысқа орналастыру.
Еске сала кетейік, баскетболшы Игорь Нанаев 10 қазан күні Петропавлдағы облыстық ауруханада жан тапсырды. Жергілікті «Барс» клубының мүшесі қазанның 2-нен 3-іне қараған түні түнгі клубта болған төбелес кезінде ауыр жарақаттар алған болатын. Жансақтау бөліміне жеткізілген баскетболшының бас сүйегі мен ішкі мүшелеріне қатты зақым келген.
Спортшыны өлімші етіп сабады деген күдікпен 21 жастағы тұрғын қамауға алынған болатын. Кейін полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар болуы мүмкін тағы үш күдіктіні ұстады.