Баспана берілмеген еуропалық мигранттар Африкаға жөнелтілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Германия, Австрия, Дания, Нидерланды және Грекия баспана беруден бас тартқан мигранттарды Руандаға жіберу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл бастаманы 2027 жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі DW-ге сілтеме жасап.
Аталған жоспар туралы Германияның ішкі істер министрі Александер Добриндт 16 қарашада Венада өткен көші-қон мәселелеріне арналған конференцияда мәлімдеді.
Жоспар бойынша, Шығыс Африкадағы Руандада Еуроодақ аумағында болу құқығынан айырылған мигранттарға арналған арнайы орталықтар ашылады. Оларды шыққан елдері кері қабылдауға келіспегендіктен әзірге отанына қайтару мүмкін болмай отыр.
Добриндттің сөзінше, жоба әзірге талқылаудың бастапқы сатысында. Ал Руандамен келіссөздерде елеулі нәтижеге қол жеткізілген.
Министрдің айтуынша, жаппай лагерьлер салу көзделмеген. Оның орнына мигранттарға кәсіптік білім беріп, кейін оларды туған елдеріне қайтару мүмкіндігін қарастыратын жоба талқыланып жатыр.
Германияның ішкі істер министрі бастаманы жүзеге асыру барысында ұлттық заңнама мен адам құқықтары жөніндегі халықаралық талаптар толық сақталуға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл іске халықаралық ұйымдарды тарту жоспарланып отыр.
Алайда бастама құқық қорғаушылардың сынына ұшырады. Атап айтқанда, Pro Asyl ұйымы Руандада азаптау мен адамдарды негізсіз ұстау оқиғалары туралы мәліметтерге сүйеніп, жобаға қарсы шықты.
Көші-қон саясаты талқыланған тұста Венада жүзге жуық адам ұсынылған депортация тәртібіне қарсы наразылық акциясын өткізді.
Бұған дейін Канар аралдарына бір тәулікте рекордтық 1 488 мигрант келгені хабарланған болатын.