Канар аралдарына бір тәулікте рекордтық 1 488 мигрант келген

АСТАНА. KAZINFORM — Канар аралдарына сенбі күні ғана 1 488 мигрант жеткен. Ал екі күндегі көрсеткіш 2 300 адамнан асты. Жергілікті билік мигранттар ағынының мұндай қарқынына төтеп бере алмай отыр, деп хабарлайды euronews.

Қайық
Фото: Pyxabay.com

14 қараша, сенбі күні Канар архипелагындағы Эль-Йерро аралының жағалауына 12 қайық келді. Олардың бортында 1 235 адам болған. Бұған қоса, Гран-Канария аралына бір қайықпен 203 адам, ал Тенерифеге тағы бір қайықпен 50 адам жеткен.

Осылайша, бір тәулікте келген мигранттар саны 1 488 адамға жетті. Бұл — Канар аралдарында тіркелген тәуліктік рекордтан да жоғары көрсеткіш. Бұған дейінгі рекорд 2020 жылғы 7 қарашада тіркелген еді. Сол күні архипелаг жағалауына 33 қайықпен 1 461 адам келген. Алдын ала мәлімет бойынша, сенбі күні аралдарға жеткендердің арасында 108 әйел мен 167 кәмелетке толмаған бала бар.

Сенбі күнгі көрсеткішке екі құтқару операциясы және жұма күні сағат 23:55–те Ла-Рестинга портына келген қайықтағы 122 адам кірмеген. Жұма күні аралдарға сегіз қайықпен 843 мигрант жеткен. Осылайша, екі күнде 22 қайықпен келгендердің жалпы саны 2 331 адамға жетті.

Мигранттарды қабылдау жүйесі шегіне жетті

Құтқару операцияларына Salvamento Marítimo теңіздегі құтқару қызметінің алты кемесі (Diphda, Acrux, Navia, Alpheratz, Mizar және Urania) және Guardia Civil азаматтық гвардиясының екі патрульдік қайығы (Río Tajo және Río Guadiato) жұмылдырылды.

Эль-Йерро аралындағы шетелдіктерді уақытша орналастыру орталығында (CATE) сенбіге дейін соңғы келгендерді есептемегенде 317 адам болған. Олардың 158-і тұрақты паром рейсімен Тенерифеге жіберілді. Бұған дейін жеткізілген 11 адам әлі де Nuestra Señora de los Reyes аралдық ауруханасында жатыр.

Канар аралдарының президенті Фернандо Клавихоның айтуынша, осы айда қайықтардың толассыз келуі аралдың барлық мүмкіндігін сарқып отыр. Эль-Йерро аралының билігі бес апта ішінде 8 мыңнан астам адамның келуіне байланысты әлеуметтік төтенше жағдай жариялаған.

Клавихо мигранттар ағынының Атлант мұхиты арқылы өтетін бағытымен көбеюіне байланысты Еуропалық комиссияның көші-қон мәселелері жөніндегі комиссары Магнус Бруннерге шұғыл араласуды сұрап хат жолдаған. Сондай-ақ Испания премьер-министрі Педро Санчес Көші-қон мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияны шұғыл шақыруға уәде бергенін хабарлады.

Испанияның аумақтық саясат министрі Анхель Виктор Торрес жексенбі күні Ла-Рестинга портына барады.

Мигранттар не себепті дәл қазір келіп жатыр және аралда не күтеді?

Испания Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазан айында Канар аралдарына 6 194 мигрант келген. Бұл — 2023 жылдан бергі Атлант бағыты бойынша көші-қон қысымы ең жоғары болған ай.

Болжамдарға сәйкес, мигранттар ағыны желтоқсанға дейін азаймайды. Өйткені дәл осы уақытта Сенегал, Гамбия және Мавританияны Канар аралдарымен байланыстыратын ұзындығы 1 000 шақырымнан асатын бағыттағы ауа райы жағдайы өзгереді.

Канар аралдарының билігі мигранттар санының артуын Сенегал қауіпсіздік күштерінің бақылауды әлсіретуімен байланыстырады. Олардың пікірінше, бұған Дакарда өтіп жатқан спорттық жарыстарға байланысты қауіпсіздік қызметкерлерінің басқа жұмыстарға тартылуы себеп болған.

Алайда Испанияда 20 жылдан бері тұратын сенегалдық Тимбо Самб бұл жағдайға басқа түсініктеме береді. Ол «Гойя» сыйлығына ұсынылған «Los cayucos de Kayar» деректі фильмінің басты кейіпкерлерінің бірі.

Самб миграцияның күшеюін Сенегал саясаткері Усман Сонконың ықпалы әлсіреуімен байланыстырады. Оның айтуынша, бірнеше ай бұрын ел президенті Бассиру Диомай Файе Сонконы үкімет құрамынан шығарған. Самбтың пікірінше, бұл жемқорлық пен жұмыссыздық жағдайында адамдардың болашаққа деген үмітін одан әрі азайтқан.

Тимбо Самб Испанияға 17 жасында төртінші әрекетінен кейін жеткен. Ол Африкадан Еуропаға көшудің қауіпсіз жолдары болғанын қолдайды.

Канар аралдары үкіметінің көші-қон мәселелері жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Чема Сантананың айтуынша, Эль-Йерро тұрғындары мигранттардың келуіне емес, биліктің дер кезінде әрекет етпеуіне немесе кешігуіне наразылық білдіріп отыр.

Ол жағдай ушығып, мигранттар көп келетін маусым басталғанша тиісті қызметтердің жұмысын күшейтуге және адамдарды аралдан мүмкіндігінше тезірек басқа жаққа көшіруге шақырды. Оның пікірінше, бұл аралдағы жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін қажет.

Бұған дейін мигранттар керуені АҚШ-тың оңтүстік шекарасына қарай бет алғанын жазғанбыз.