Баспана құрылысы арзандай ма? - Апталық шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Үкімет ұсынған «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа редакциядағы заң жобасының Мәжілісте тұсауы кесілді. Бұл бүгінгі күні қазақстандықтардың басым көпшілігі бейжай қарай алмайтын құжат. Өйткені, біріншіден, заң жобасы құрылыс саласына, соның ішінде тұрғын үй құрылысына қатысты болса, екіншіден үлестік құрылыстағы жаңа тәртіпке әркімнің назары аумай тұрмайды.
None
None

Айта кетерлігі, елімізде тұрғын үй құрылысына қатысты мәселе бұған дейін де талай әңгімені де, дауды да тудырған. Мәселен, өткен кезеңдердегі ипотекалық дағдарыс барысында тұрғын үйге үлескер болып қатысушылардың басына қауіп төніп, ақыры мемлекет бұл іске араласа жүріп, біраз салымшыны құлдыраудан құтқарған еді. Ендігі жаңа редакциядағы заң жобасынан не күтіледі?

Бақсақ, Ұлттық экономика министрлігі жаңа заң арқылы құрылыс компанияларына үлескер­лердің қаржысын тұрғын үйді салуға пайдалануға мүмкіндік бергелі отырған көрінеді. Айта кетерлігі, бұған дейін «үлестік құрылыстағы олқылықтан аузы күйген үкімет» үлескердің қар­жысын арнайы есепшотта сақ­тауға, тек ғимарат бой көтер­ген­нен кейін ғана жұмсауға міндеттеген болатын. Енді осы норма қайта алынып тасталатын тәрізді. Ал жобаны әзірлеушілер бір жағынан ондай норманың өзін ақтамағанын алға тартады. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2010 жылдан бері үлескерлер қаржысын тартуға 1 лицензия ғана берілген және оның өзі іске асы­рылмаған. «Сонымен бірге Қазақ­стан­дағы ірі қалаларда тұрғын үй кешендеріне, тіпті құрылысы бас­талмай жатып-ақ үлескерлердің қаржысын тарту тәжі­ри­бесі жалғасты. Бұл ретте салушылар клиент­терін «үлескер» деп атамай, пайшы, теңқұқылы-инвес­тор және басқаша атай бастады. Ал тұрғын үй құрылысына қар­жысын салған азаматтардың салушымен не оның дел­далымен арада бекіткен келісім­шартында «үлескерлік құрылыс» деген сөз болмаса, онда ол үлескер болып саналмайды. Тиісінше, үлестік қатысу туралы қол­даныстағы заң оларды қорғай алмайды», - деп түсіндіреді Ұлттық эко­номика министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев. Оның айтуынша, заң жобасының басты мақсаты да осы олқылықтың орнын жауып, үлескерлерді қорғау. Бұл үшін банктердегі депозиттердің кез келген жағдайда қайтарылатынына кепілдік беретін қордың үлгісінде «Үлестік салым­дарға кепілдік беру қоры» құрылатын болады. Қорды «Қазақстанның ипотекалық қаржыларға кепілдік беру қоры» АҚ базасында құру ұсынылған. «Аталмыш қор құрылыс компаниясы тұрғын үйді тұрғызу бойынша өз міндетін орындамай тастаса да, үлескерлерге құрылыстың аяқта­латынына кепілдік береді. Қор құрылыс компанияларына қаржылық орнық­тылық және тәжірибесінің болуы бойынша біліктілік талаптарын қояды, үлескерлердің қаражаттарының мақсатты жеріне жұмсалуына бақылау тетіктерін ендіреді. Бұдан бөлек, құрылыс компания­лары өздері салатын тұрғын үй кешендері­нің әрқайсысы бойынша жеке-жеке басқарушы компания құруға тиісті болады. Әр салымшы 1 жобаны жүзеге асыру үшін 100 пайыз өз иелігіндегі уәкілетті компанияны құрады, оның жарғылық капиталына жер учаскесін, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттаманы және ондағы көрсетілген құнның кем дегенде 15 пайызын құрайтын қаржыны береді», - дейді Қайырбек Өскенбаев. Ал жаңа құрылатын қорға келсек, ол тәуекелдер туындаған жағдайда Қор өз қаржысына жұмысы басталған құрылысты аяқтайды. Сосын Қор үлескерлер алдындағы барлық міндеттемелерді орындап, пәтердің иесіне берілуіне кепілдік болады. Түйіндей айтсақ, Ұлттық экономика министрлігі үлескерлер мәселесіндегі дау-дамайды толық қымтайтын жаңа жобаны әзірлеп, Мәжіліске ұсынып отыр. Енді оның артық кемін түзеу депутаттардың еншісіне тимек.

Айтпақшы, журналистерге берген сұхбатында Қайырбек Өскенбаев жаңа заң жобасы арқылы тұрғын үй құрылысын арзандатуға болатынын да айтып қалды. «Біздің есептеуімізше, осы заң күшіне енгеннен кейін құрылыс құны ең кем дегенде 10 пайызға төмендейді. Қалайша десеңіз, қазір құрылыс компаниясы банктен кредит тартуға мәжбүр, олар мұны кемінде 12-14 пайыздан алады. Ал егер үлес­кердің қаржысын тартса, ондай пайыз деген болмайды. Міне, алда осыдан қан­шама қаржысы үнемделіп, құрылыс құны міндетті түрде төмендейді», дегенді айтып қалды министр орынбасары. Ал басты сұрақ: құрылыс бағасы арзандайды екен, ендеше пәтер бағасы арзандай ма? «Рас, бұл жерде пәтер­лер­дің бағасы арзандай ма, ар­зан­дамай ма, ол құрылыс ком­па­ния­сының қолындағы нәрсе», деп сілтеді Қайырбек Өскенбайұлы.

Елімізде ескі көлік қаптамауы үшін Үкімет оған тіркеуді қымбаттатады

Осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Индустриялық-инновациялық саясат аясындағы автоөнеркәсіп мәселелері туралы сөз болды. Онда Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мен Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев қатысып, еліміздің автоөнеркәсіп кешеніне қатысты жаңа заңның жаңалықтарына түсінік берді. «Қазіргі таңда «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында және еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылғандықтан бірқатар заң­дарымызды жетілдіріп, қажет жеріне түзетулер енгізу керек болып жатыр. Пайдаланылған автокөліктерді жылына қарай тіркеу шарасы да осы себептерге және еліміздің экологиялық тазалықтарына, сондай-ақ, жол қауіпсіздігіне орай жасалуда екені мәлім. Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар дамыған елдерінде бар», - деді вице-министр Альберт Рау. Оның айтуынша, жаңа саясатқа сәйкес, Қазақстанда 3 жылдан астам уақыт жүрілген көліктерді тіркеу алымы 500 айлық есептік көрсеткішті құрайтын болады. «Ал жаңа автокөліктерді тіркеу үшін алынатын алым бұрынғы баға, яғни 0,25 есептік көрсеткіш мөл­шерінде қала береді. Ал 1-3 жыл аралығында пайдаланылған кө­ліктерге қойылатын бір реттік алым 50 есептік көрсеткіш болса, 3 жылдан асқан көліктерге алым 500 есептік көрсеткішке жетеді. Ал автобустар мен жүк көліктеріне алым одан да қымбат болады. Бұл шара ДСҰ тарапынан рұқсат етілген балама ретінде енгізілмек. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, Венгрия, Дания, Болгария мен тағы бірнеше елде осындай алым түрі жұмыс істейді. Осы мемлекеттердің барлығында бір реттік алым көліктің шығарылған жылына қарай алынады. Заңға енгізілетін өзгерістің екінші тиімділігі - мінілген көліктерді Қазақстанға әкелу айтарлықтай азаяды»,- дейді А.Рау.

Айта кетерлігі бұндай шара елімізді автокөлік қоқысынан сақтауға да септігін тигізбек. Мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл өткен сайын пайдаланылған көліктердің саны артып келеді. Мәселен, 5 жылдан кейін елімізде 20 жылдан астам уақыт ұсталған көліктер үлесі 70 пайызды құрайды екен. «Бүгінгі күні Қазақстанда 4 млн. жеңіл көлік болса, олардың тең жартысының орташа пайдаланылған мерзімі 19 жылдан асады. Тағы 5 жылдан кейін 20 жылдан астам уақыт пайдаланылған көліктер үлесі 70 пайызға жетеді. Бұл көрсеткіш Германияда шамамен 8 жылды құрайды. Жалпы, ескі көліктердің жолдағы қауіпсіздігінен бөлек, қоршаған ортаға тигізер зияны да көп. Сондықтан, Қырғызстан Кеден одағына кірер кезде біз көрші елден ескі көліктердің ағылуына жол бермейтінімізді айтқан едік. Қазіргі уақытта біз нақты шаралар енгіздік. Елге кіргізілетін көліктер ағымдағы жылы іске қосылған Ке­ден одағының техникалық ре­г­ламенттеріне сай болуы тиіс. Енді ескі көліктердің ағылуына тосқауыл болатын екінші шара - тіркеу алымының қымбаттауы болмақ», - деді министр орынбасары.

ТМД басшылары 16 құжатқа қол қойды

Аптаның жұмасында Бурабайда (Ақмола облысы) Қазақстанның төрағалығымен ТМД мемлекет басшыларының кеңесі және Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырыстары өтті. Кездесуге қатысушылар негізінен әлемді алаңдатқан лаңкестік қаупіне бірлесе қарсы тұру, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, Достастық қатысушы-елдері күш-қуат құрылымдарының ынтымақтастығы және басқа да негізгі мәселелерді қамтитын тақырыптар топтамасын талқылаған болатын.

Жоғары деңгейдегі отырысқа Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов, Молдова Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары Андрей Галбур, Түркіменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Сатлық Сатлыков, Украинаның Қазақстандағы істерінің уақытша сенімді өкілі Юрий Лазебник, ТМД Атқару комитетінің төрағасы - атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл толуына орай және халықаралық лаңкестікпен күрес туралы мәлімдемелер, Чернобыль АЭС-індегі апаттың 30 жылдығымен байланысты үндеулер қабылданды.

Тұтастай алғанда, ТМД басшылары 16 құжатты рәсімдеп, қолдарын қойды. Атап айтқанда, қол қойылған құжаттар арасында «Тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы миграциялық процестерді құқықтық қамтамасыз ету туралы» шешім, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің территорияларында бірлескен жедел тергеу тобын құру тәртібі және оның қызметі туралы келісім, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесін құру туралы келісім, Төтенше жағдайдарды ескерту және жою саласындағы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісім, «2020 жылға дейінгі Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы туралы» шешім, «2016-2020 жылдарға арналған сыртқы шекарадағы шекаралық қауіпсіздікті күшейтудегі Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастық бағдарламасы туралы» шешім, және басқа да құжаттар бар.

Жиын соңында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бұл ұйымға төрағалығы аяқталатындығын мәлімдеп, тізгінді Қырғызстанға ұстататынын айтты. «Тәуелсіз Мемлекеттер достастығына Қазақстанның төрағалығы аяқталады. Шындығын айтайын, біздерге экономикалық тұрғыда өте қиын кезең тура келді. Бірақ, біз өз миссиямызды орындауға тырыстық. Достастық аясында жоспарланған барлық шара өткізілді», - деді ҚР Президенті.

ҚР Президентінің атап өтуінше, таяу күндері елордада ТМД мемлекеттерінің шығармашылық және ғылыми зиялыларының 10-шы мерейтойлық форумы, сонымен қатар Душанбеде ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы өткізіледі. «Бұл шаралармен біз өз төрағалығымызды аяқтаймыз. Осы сәтті пайдаланып, Достастықтағы барлық серіктестерімізге түсіністіктері үшін, ТМД-дағы біздің төрағалығымызға қолдау білдіргені үшін алғысымды айтқым келеді», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, ТМД-ға төрағалық Қазақстаннан Қырғызстанға ауысады. Ал Мемлекет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2016 жылдың 16 қыркүйегінде қырғыз елінде өтетін болады.

Бұдан бөлек, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения президенттерінің қатысуымен ЖЕЭК саммитінде бірлестіктер ауқымындағы ықпалдастық үдерістерді дамытуға баса көңіл бөлінді. Күн тәртібіне сондай-ақ халықаралық қызмет, басқа да ықпалдастық құрылымдарымен және елдермен ынтымақтастықты нығайту мәселелері енгізілген. Отырыс қорытындыларымен Одақтың болашақтағы экономикалық дамуының негізгі бағыттарын белгілейтін бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар