Баспананы сақтандыру мәселесі қарастырылып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары сөз болып жүрген баспананы сақтандыру мәселесінің заңдық жобасы дайындалып жатқаны туралы биыл ресми түрде жарияланды.
None
None

Онымен Ұлттық экономика министрлігі айналысып жатыр. Бір анығы, елімізде сақтандыру нарығы ауыз толтырып айтарлықтай дамымаған. Бұл жерде әдетімізге айналған үрдіске басып, көлігі мен үйі тұрмақ, тұрмыстық техникасы мен үй жануарларына дейін сақтандыратын Еуропа елдерімен салыстырып жатудың өзі артық. Үй жануарларын сақтандыру үйреншікті дәстүрімізге айнала қоймас, әрі бұл қазақтың ұғымына қабыспайтын нәрсе. Ал, үйді сақтандырып қойғанның артықтығы болмас. Дегенмен, ұлттық экономика министрлігі дайындаған заң қоғамнан қолдау тауып, Парламенттің пәтуасын алса, ол еркіңіздегі шаруа емес, міндетті шараға айналады.

Тілсіз жаудың, табиғи апаттың алдында адам дәрменсіз. Жер сілкінісі, дауыл, сел жүру, өрт секілді ескертусіз келетін апаттардан үйі қирап, барар жері, басар тауы қалмағандардың жанайқайы аракідік болып тұрады. Тіпті, кейінгі кездері жиілеп те кеткендей көрінеді. Сондай жағдайға душар болғандар билік орындарына алақан жайып, көмек сұрап жатады. Осы мемлекеттің азаматы, Ата Заңда көрсетілгендей «ең қымбат қазынасы» болғандықтан, онысы орынды да. Көмек сұрағандардың көкірегінен кері итереді деп жергілікті атқарушы билікті, әкімшіліктерді бірыңғай қаралаудан аулақпыз. Бірақ, қайыр қылғанымен, бүтін қылмай жататындары да жиі кездеседі. Немесе баспанасы қирағандарға берген өтемақысы өлшеулі болып келеді. Кей тұста әкімшіліктегілер бюджетте оған ақша қаралмағанын алға тартатыны бар. Содан соң, апат кесірінен шатырсыз һәм шарасыз қалғандар атқарушы билік өкілдерін жерден алып, жерге салады. Бір жағынан, психологиялық күйзелістегілердің мұнысына кешіріммен қарауға да болады. Сөз еткен сақтандыру нарығын реттеуге бағытталған заң қабылданса, министрлік жағдайдың өзгеретінін меңзейді.

Яғни, азаматтар меншігіндегі жеке үйін сақтандыруға міндеттеледі. Одан жиналған қаржы әлгіндей айтып келмес апаттардан зардап шеккендердің баспана шығынын өтеуге жұмсалмақ. Сөйтіп, біріншіден жеке мүліктің қауіпсіздігі арттырылады, екіншіден сақтандыру нарығы дамиды. Ең бастысы, тұрғын зардап шеккен немесе қираған пәтерінің өтемақысын алады, сол арқылы бюджет қаржысы да үнемделеді екен. Идеяны ұсынған министр Ерболат Досаев осыларды айта келіп, мұндай шешімге елімізде соңғы кезде апат жиілеп кеткендіктен келгенін де айтқан бірде. Әзірге белгілісі, баспананы сақтандыру 35 шаршы метрден басталады және тұрғындар үйінің жалпы құнының шамамен 1 пайызын жыл сайын төлеп тұрады.

Сондай-ақ, баспана біткеннің бәрін жаппай сақтандыра береді екен деген түсінік тумағаны жөн. Өйткені, ескі, апатты жағдайдағы, қамыстан салынған және саяжайлардағы ағаш үйлер бұл санатқа кірмейді. Ал, апат келсе бірінші кезекте қирайтын осы үйлер екені айтпаса да түсінікті. Оған ондай баспаналарда негізінен қарапайым халық тұратынын қосыңыз. Сонда, құжаттың көздегені қараша үйлерді мекен еткен қатардағы жұрттың қамы болмағаны да. Мәселен, көктем сайын оңтүстікте, Сыр өңірінде, батыста өзенге жақын орналасқан елді-мекендер су тасқынында қалып қойып жатады. Ауылдағы ағайынның үйлерінің дені ескі. Ескі үйлер сақтандыруға жатпаса, сонда олардың баспана құнын кім өтеп береді?! «Міндетті сақтандыру» дегеннің өзі бәріне бірдей, бәріне ортақ екендігін білдірмей ме. Әлде, министрлік оларды бір Аллаға аманаттап отыр ма екен?! Жалпы, идея жаман емес. Тек, осы секілді ала қойды бөле қырқатын тұстары болмаса.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, бұл ретте жылжымайтын мүліктерді сақтандыратын арнайы мемлекеттік қор құрылады. Демек, қор құрылтайшысы жалғыз мемлекет, ал жеке сақтандыру компаниялары ойыннан сырт қалады. Қазақстандық сақтандыру қызметкерлерінің көңіл қошына жақпай тұрғаны да осы. Олар сақтандыру нарығының ойыншыларын да шараға қатыстырып, бәсекелестік тудыру керек деген пікірде. Заң жобасын әзірлеп жатқан министрлік мұны ескере ме, жоқ па, онысы бізге беймәлім. Бұл аталмыш нарық ойыншыларын алаңдататыны.

Халық көкейіндегі сауал басқа. Өйткені, қазірдің өзінде сақтандыру компаниялары келісімшартты өз пайдасына жасайтыны жасырын емес. Екі жақтың мүддесін тең дәрежеде қоймайды. Мұны көлігін сақтандырып жүргендер жақсы біледі. Компаниялар келген шығынды толық өтеуге қауқарсыз немесе құлықсыз. Белгілі бір бөлігін ғана төлейді. Ал, статистикалық есептерге қарасаңыз, сақтандыру ұйымдарының табысы орасан.

Соңғы жаңалықтар