Баспананы жалға бергендер табысын жасыра алмайды - апталық шолу
Нәтижесінде, 2014 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 6 206,1 млрд. теңге көлемінде немесе бекітілген бюджетпен салыстырғанда 431,7 млрд. теңгеге өсумен белгіленді. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттер түсімдерінсіз) бекітілген жоспардағы 4 029,4 млрд. теңгеге қарағанда, 331,7 млрд. теңгеге ұлғайтыла отырып нақтыланды және 4 360,9 млрд. теңгені құрайды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, халықаралық ұйымдардың болжамдары бойынша 2014 жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 105,1 АҚШ доллары (болжам-консенсус) деңгейінде болады. АҚШ долларының нығаюын ескере отырып, 2014 жылға арналған болжамды нақтылау кезінде орташа жылдық баға барреліне 95 АҚШ доллары болып айқындалды. Бұған дейін мұнай бағасы барреліне 90 АҚШ доллары болған. Биыл елдің жалпы ішкі өнімінің нақты өсу болжамы бұрынғы 6 пайыз деңгейінде бағаланып отыр. Номиналды жалпы ішкі өнім 2014 жылы 39 623,7 млрд. теңгені құрайды, бұл тамыз айында мақұлданған көрсеткішке қатысты 999,3 млрд. теңгеге жоғары.
Мұнымен қоса министрліктегілер 1 сәуірден шикі мұнайға экспорттық-кедендік баж мөлшерлемесі тоннасына 80 АҚШ долларына дейін жоғарылайтынын жеткізді. Е. Досаевтың айтуынша, кірістерді бірқатар факторлар есебінен 505,5 млрд. теңгеге ұлғайту болжанады. Осы орайда шикі мұнайға экспорттық-кедендік баж мөлшерлемесінің мұнайдың тоннасы үшін 60 АҚШ долларынан 80 АҚШ долларына дейін жоғарылауы ықпал етпек. Сонымен қатар макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруі себебінен 191,5 млрд. теңгеге ұлғаюы да қамтылмақ.
Баспананы жалға беру арқылы тапқан табысын жасырғандарға жауапкершілік қатаңдатылады
Бұл аптадағы Үкіметтің отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында әзірленген 60 шарадан тұратын 2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары таныстырылып, кеңінен талқыға салынды. Негізгі баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың атап өтуінше, еліміздегі көлеңкелі экономика құрылымының жартысынан көбін бейресми қызметтер арқылы жүргізілетін тауарлар мен қызметтер өндірісі алып отыр. Ал оның 22,9 пайызы сауда-саттыққа, 15,6 пайызы ауыл шаруашылығына, 14,1 пайызы көлікке, 12 пайызы жылжымайтын мүлік операцияларына тиесілі екен.
Министр мырза 2012 жылы көлеңкелі экономикадағы жылжымайтын мүлікпен байланысты операциялар саласының үлесі 697,9 млрд. теңге құрағанын мәлім етті. Жылжымайтын мүлікпен байланысты операциялар саласының негізгі көрінісі бейресми сектор мен жылжымайтын мүлікті жалға беруде салықтан жалтару мақсатында көрсетілген қызметтерді жасыру болып отыр. «Осыған орай, заңнамалық тұрғыда баспананы жалға беретін және мүліктік табыс алып, алайда жеке табыс салығын төлеуден әрі салық органдарында тіркеу есебіне қоюдан жалтаратын жеке тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдату ұсынылады», - деді Е.Досаев.
Бұдан бөлек, көлеңкелі экономикамен күрес барысында бей-берекет сауда жасайтындарға да жауапкершілік күшейтілетіні туралы сөз болды. Көлеңкелі экономикадағы басым үлес сауда-саттық саласына қатысты. Мәселен, бұл саланың 2012 жылғы көлеңкелі экономикадағы үлесі 1335,3 млрд. теңгеге жетіп жығылды. Сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың негізгі көрінісі салықтан жалтару мақсатында өндірісті жасыру әрі бейресми сектор болып отыр. Яғни, стихиялық сауда мен сауда базарларының ұйымдастырылмауы. Бұл ретте сауда саласында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен бейресми жұмыс істейтіндердің үлесі үлкен.Сауда-саттықтың заманауи үлгісіне сай келетін базарлардың үлесі сауда алаңдарының небәрі 17 пайызын ғана құрап отыр. Ал жабайы базарлар салық төлемдерінің артуына кедергі келтіруде. Сондықтан сауда базарларын заманауи үлгіге кезең-кезеңімен міндетті түрде көшіру бойынша заңнамалық шаралар қарастырылмақ. Бұдан бөлек, сауда нысандарының құрылысына инвестиция тарту үшін оны экономиканың басымдықты салалары тізбесіне енгізу қарастырылуда. «Ұйымдастырылмаған базарлар санының көп болуынан бөлек бей-берекет заңсыз сауданың да болуы үлкен проблемаға айналып отыр. Осыған орай, коммуналды сауда алаңдарының бір мезетте бей-берекет сауда жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату болжануда», - деді Е.Досаев.
Айта кетейік, Қазақстан бюджеті ҚҚС төлеуден жалтару салдарынан жылына 128 млрд. теңге жоғалтатын көрінеді. Министрдің алға тартқан деректеріне қарағанда, 2007-2013 жылдар аралығында жалған кәсіпорын ретінде танылған салық төлеушілердің саны 1352 бірлікке жетіп, бюджетке түспей қалған қосылған құн салығы көлемі 193 млрд. теңгені құрады. Бұған қоса, жыл сайын шамамен 6 мың салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша еш құжат тапсырмайды не болмаса нөлдік декларация ұсынады. Соның салдарынан жыл сайын қосылған құн салығы бойынша бюджет жоғалтатын қаражат орташа есеппен 128 млрд. теңгені құрайды. Осыған орай арнайы ҚҚС-есепшотын енгізуді қарастыру ұсынылады. Бұл ҚҚС төлеуден жалтару бойынша сызбаны пайдалану мүмкіншілігін жоғалтады. Е.Досаевтың атап өтуінше, көлеңкелі экономикаға қарсы тұрудағы тиімді шаралардың бірі электронды есепшот фактурасын енгізу болып есептелінеді. «Бағалау бойынша ұсынылған іс-шараларды жүзеге асыру шамамен 1,1 трлн. теңгені көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік береді», - деді министр.
Министрлер кабинетінде өзгерістер орын алды
Бұл аптада Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Мәдениет министрі қызметіне Арыстанбек Мұхамедиұлы тағайындалып, Үкімет басшысы Серік Ахметов ведомствоның ұжымына жаңа басшыны таныстырды. «Мемлекет басшысының Жарлығымен Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәдениет министрі болып тағайындалды. Мемлекет басшысы Сізге, осынау жұмыстың маңызды саласын сеніп тапсырды. Президент көп ұлтты Қазақстанның мәдениетіне, төзімділікті нығайтуға, ұлтаралық келісімге айрықша көңіл бөледі», - деген Үкімет басшысы Мәдениет министрлігінің жаңа басшысына жұмыста табыстар тіледі. ҚР Премьер-Министрі сондай-ақ ведомствоның бұрынғы басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Өкімімен М.Құл-Мұхаммед ҚР Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.
Сонымен қатар, өткен аптаның аяғында Президент Жарлығымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ҚР Мәдениет министрлігі болып өзгерді. Бұған қоса Жұмағалиев Асқар Қуанышұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі лауазымынан босатылып, жаңадан құрылған ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы болып тағайындалды.
Ал Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі қызметіне тағайындалды.
Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық қызу жүріп жатыр
ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті. Тараптар Қазақстан мен ХКБ-ның Астанада ЭКСПО-2017 өткізуге дайындық шеңберінде өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Премьер-Министр көрменің алғашқы нысандары құрылысының басталу мерзімі туралы хабарлады. «Біз Мемлекет басшысына көрменің сәулеттік жобасы Тұжырымдамасын ұсындық. Мамырда ЭКСПО-ның алғашқы нысандарының құрылысы басталады», - деді С.Ахметов.
Бүгінде көрмені өткізуді ұйымдастыру үшін барлық шарттардың, оның ішінде құқықтық жағдайлардың жасалғандығын атап өткен жөн. Өткен жылдың аяғында көрменің инфрақұрылымдары мен нысандарын уақытында салу үшін қажетті құқықтық база жасайтын, сондай-ақ ЭКСПО-2017-ні өткізуге қатысты процедуралық және ұйымдастырушылық мәселелерді шешетін заң қабылданды.
Өз кезегінде ХКБ басшысы Қазақстанның осы жылғы маусымда көрменің ресми туын алу үшін барлық мүмкіндіктерінің бар екендігіне сенім білдірді. «Қазақстанның қолына ресми ту маусым айында түседі, содан кейін ЭКСПО-2017-ге қатысушы елдерді шақыру бойынша бағдарламалар жүзеге асырыла бастайтынына сенімдімін», - деп сөзін түйіндеді В.Лоссерталес.