Баспанасыз қалған «Тамыз Инвест групптың» үлескерлері «Нұр Отанға» шағымданып келді

Бүгін осындай уәжін айтып «Нұр Отан» партиясында қоғамдық қабылдау өткізіп жатқан Бас прокурордың орынбасары Жақып Асановтың алдына үлескер Анар Оралова келді.
Оның айтуынша, «Орбита» тұрғын үй кешенін салған «IBS» ЖШС банкрот болып танылғаннан кейін оның барлық міндеттері «Тамыз холдинг» компаниясына берілді. Ол өз кезегінде «Тамыз Инвест группқа» кіреді. «Тұрғын үйдің құрылысын аяқтағаннан кейін «Тамыз Инвест групп» компаниясының басшысы Әлия Сматаевалар бізден қосымша ақы беруді талап етті. Біз оған қарсы болдық. Олар болса, бізді үлескерлер тізімінен шығарып тастап, барлық пәтерлерімізді басқа біреулерге сатып жебірген. Былтырдан бері біздің бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Қаржы және прокуратура органдары ол істің алаяқтық екендігін мойындап отыр. Алайда, нақты шара қолданылмайды және қылмыстық іс қозғалмауда», - дейді А.Оралова.
Айта кеткен жөн, «Орбита» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2005 жылы басталған болатын. Әрбір үлескер оған 3-4 млн. теңгеден салды. Алайда бүгінде ақшасын да, заңды пәтерін де көре алмай отыр.