Басшының артынан көшіп-қонып жүретіндер ұжымның алтын өзегі емес – Қуат Домбай

Астанада өтіп жатқан «HR және цифрлық технологиялар гармониясы: үздік командаларға арналған инновациялар» атты конференция алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген HR және рекрутинг саласының сарапшысы Қуат Домбай Қазақстандағы «командалық көш» құбылысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

қуат домбай
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Мамандар тұрақсыздығы бүкіл әлемде өзекті мәселенің бірі болып есептеледі. Соның ішінде Қазақстанда да түрлі саладан осындай мәселені байқауға болады. Мысалы, бір маман кеткен кезде оның орнына адам іздеу басталады. Яғни, оның орнын басатын адам табылғанша бірнеше ай кетуі мүмкін. Осы аралықта әлгі маманның мойнындағы жұмыс ақсап қалады. Рекрутинг деген мәселе осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Яғни кеткен маманның орнына адам іздеу уақытын қысқарту үшін және жұмыс үдерісіне зияны болмау үшін алдын ала шара қабылдау керек. Бүгінгі конференцияда осы бағыттағы оң тәжірибелер туралы баяндаймын», - дейді «СК «НОМАД Иншуранс» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының кеңесшісі Қуат Домбай.

Сарапшы, мамандар тұрақсыздығының басшылықтың жиі ауысуымен де байланысы бар екенін айтады. Бірақ бұл көпшілік ішінде айтылып жүргендей, «командалық көш» емес, корпоратив мәдениетімен байланысты нәзік мәселе көрінеді.

«Мен бірнеше банкте жұмыс істедім. Банк төрағасы ауысқанда 10-20 пайыз персонал бірге кетеді. Бұл басшылықпен ым-жымы бір болғандықтан емес. Жаңа басшы келгенде өзі ұстанатын корпоратив мәдениетін енгізеді. Бұрынғы басшының жұмыс стиліне үйренген адамдар басқа жұмыс іздей бастайды. Кейде ондай адамдардың үлесі ұжымның 40 пайызына дейін жетеді. Бұл – ақшаның мәселесі емес. Басшының командалық көші де емес. Ол – корпоратив мәдениеті. Бұл банктерге ғана тән мәселе емес. Үлкен ұжымдардың бәріне тән. Тіпті мемлекеттік құрылымдарда да осылай. Адам өзі үйренген жұмыс тәртібі өзгергенде басқа жұмыс іздей бастауы табиғи құбылыс. Бірақ мықты басшы осы кезде ұжымдағы ең кәсіби мамандардың кетіп қалмауына күш салады. Өйткені корпоратив мәдениеті ауысқан кезде кететін 20 пайыз маман – нағыз кәсіби мамандар. Оларға нарықта сұраныс бар. Сондықтан олар өзіне ыңғайлы ортаны таңдай алады», - дейді ол.

Қуат Шомбай кез келген ұжымда нағыз еңбекқор мамандар мен басшыға жақын топ болатынын айтады.

Менің байқауымша, әр ұйымда үш топ жұмыс істейді. Оның бірі – кәсібилер. Екіншісі – команда ретінде келіп-кетіп жүретіндер. Үшіншісі – қалай келіп, қалай кеткенін өзі де білмейтін топ. Сіз айтып отырған басшылыққа икемді топтың кеткені ұйымға соншалықты маңызды емес. Ең басты құндылық – кәсіби топ. Ол мамандарды әр ұйым ұстай білу керек. Бұл өзі ұжымның 20-30 пайызы ғана. Бірақ бүкіл жұмыстың «ұйымдастыру жадысы» – осы адамдар. Қандай басшылық келсе де, ол адамдар қалуы керек және олардың еңбегі бағалануы керек. Олардың жұмыс орнында қалуы, ұйымда тұрақтап істеу ақшамен ғана байланысты емес. Ол топқа корпоратив мәдениеті маңызды. Ынталандыру схемаларын енгізу керек", - деді Қуат Шомбай.

Айта кетейік, ҚР Президент іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараға мемлекеттік құрылымдардың, белгілі медициналық хабтардың, алпауыт компаниялардың топ-менеджерлері, HR және IT сарапшылар, бизнес-тәлімгерлер қатысып жатыр.

Соңғы жаңалықтар