«Бастау Бизнес» арқылы 55 мың адам өз кәсібін ашты – Абылай Мырзахметов
«Әр бастаманың иесі болады. Осыдан 5 жыл бұрын Елдар (Жұмағазиев) пилоттық жоба ретінде алып келіп, киелі, мұнайлы Маңғыстау өңірінен бастадық. Пейіліміз дұрыс болған шығар, сол бастамамыз елдің көңілінен шығып, кең тарады», - деп бастаған Абылай Мырзахметов бағдарлама аясында қанша адамның кәсіп бастауға мүмкіндік алғанын атады.
«Алдымен әр ауданға бардық. Кейін қалалар мен облыстарды араладық. Қазір Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты үлкен қалаларда бұл бағдарламаға сұраныс жоғары болып жатыр. Сондықтан біздің мақсатымыз кеңейіп кетті.(...) 185 мың адам, оның ішінде 55 мың адам өз ісін ашып, жұмыс істей бастады. Рас, қаражат әлі де жетіспейді. Еліміздің Президенті Жолдауында өте жақсы айтты. Шағын мекемелерді ашып, соларды қолдау керек. Өйткені осында отырған «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысушылардың бәрі шағын кәсіпкерлер. Жаңағы 55 мың азаматтың 37 мыңы гранттың арқасында аяққа тұрды», - деді Абылай Мырзахметов.
«Атамекен» басшысы бұл грантты ұсынудағы негізгі мақсат – адамдардың өзіне-өзі деген сенімін ашу.
«Бұл үлкен бір жүйе болып отыр. 5 жылда тәй-тәй басып, Елбасының, Үкіметтің қолдауының арқасында ұжым болып осындай дәрежеге жетті», - деді ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы.
Еске салсақ, бүгін «Атамекен» ҰКП «Бастау Бизнес» жобасы бойынша атқарылған жұмыстардың 5 жылдық қорытындылап жатыр. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шараны Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау сөзімен ашып берді.