Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бастауыш сыныпта БЖБ мен ТЖБ неліктен алынып тасталды

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушыларының білімін бағалау жүйесі өзгереді. 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда бұрынғы форматтағы БЖБ мен ТЖБ қолданылмайды. Оның орнына оқу мақсаттарына сәйкес жеңілдетілген бақылау жұмыстары енгізіледі. Бұл өзгерістің негізгі себебін Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының әдіскері Ақмарал Болатқызы айтты.

Оқушылар енді ұстаздарына виртуалды гүл шоқтарын жолдай алады
Фото: BilimClass

– Зерттеу барысында балалардың эмоционалдық және физикалық тұрғыдан да жүктемесі байқалды. Мұғалімдер тарапынан да БЖБ мен ТЖБ артық жүктеме екені айтылды. Сол себепті бақылау және аралық бақылау жұмыстары жеңілдетілген форматта енгізіліп отыр, – деді Ақмарал Болатқызы.

Маманның айтуынша, бұл бастауыш сыныптарда бақылау жұмыстары мүлде болмайды деген сөз емес. Оқушылардың білімі бұрынғыдай оқу бағдарламасы мен оқу мақсаттарына сәйкес бағаланады. Тек тапсырмалардың форматы жеңілдетіледі.

– Толығымен бұрынғы форматтан бас тарттық деп айта алмаймыз. Бағдарламаға және оқу мақсаттарына сай бақылау жұмыстары жасалады. Қазір олардың үлгілері әзірленіп, талаптары құрылып жатыр. Бірақ бұрынғыға қарағанда жеңілдетілген форматта енгізіледі, – деді ол.

а
Фото: видеодан алынған скрин

Жаңа жүйеде бақылау жұмыстарының бағалары электронды журналға енгізіледі. Мектепке қарай бұл «Күнделік» немесе «Білім Al» жүйесі болуы мүмкін. Оқушының күнделікті сабақ барысында алған бағалары мен бақылау жұмыстарының нәтижесі негізінде қорытынды баға автоматты түрде шығарылады.

Әдіскердің сөзінше, бақылау жұмыстарының бұрынғыдай бірнеше парақтан тұратын күрделі форматта болуы міндетті емес. Оқушылар кей тапсырмаларды тікелей дәптерге орындауға мүмкіндік алады.

– Бұрын диктант, мазмұндама сияқты жұмыстарды орындау форматы болған. Мұндай тапсырмаларды балаға орындау әлдеқайда жеңіл. Оның өзіне деген сенімі де артады. Сондықтан эмоционалдық тұрғыдан оқушыға үлкен жүктеме түспейді. Мұғалімдердің сағат саны өзгермейді, бірақ жұмыс көлемі азаяды. Бұрын БЖБ мен ТЖБ үшін әр балаға бірнеше парақ тапсырма шығарып, күрделі бағалау талаптарын қолдану керек еді. Қазір оның бәрі жеңілдетіліп, балалар бақылау жұмыстарын дәптерге орындауға мүмкіндік алып отыр, – деп түйіндеді Ақмарал Болатқызы.

Айта кетейік, бұған дейін баланың мектепке дайындығына қатысты психолог кеңесін жазған едік.