Басты мәселе Мәскеу мен Киевтің тікелей диалогы арқылы шешілуі тиіс – саясаттанушы

АСТАНА. KAZINFORM – Саясаттанушы, халықаралық конммуникациялар жөніндегі сарапшы Азамат Байғалиев Анкориджде (Аляска, АҚШ) АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы келіссөздердің қорытындысына қатысты пікірін білдірді.

саясаттанушы
Фото: видеодан алынған скрин

– Трамптың «мәмілеге келмедік» деген басты дәйексөзі келіссөздердің қалай болғанын айқын көрсетеді. Өкінішке қарай, керемет нәтиже болмады, - деп атап өтті сарапшы.

Оның пайымынша, елеулі нәтижелерге үміт арту – әлі ерте.

– Кейінгі жылдары алғаш рет болған Путиннің АҚШ-қа қысқа мерзімді сапары бірден нақты нәтижелер әкеледі деп сену артық болар еді. Тараптар бір-біріне қарай маңызды қадам жасады. Бірақ әзірге іргелі ымыраға келуге дайын емес, - деді Азамат Байғалиев.

Саясаттанушы сондай-ақ келіссөздерді ұйымдастыру ерекшеліктеріне назар аударды. Ол кеңейтілген баспасөз конференциясы мен түскі астың болмағанына қарап, келіссөздер жоспар бойынша өтпеген сыңайлы деген пікірін айтты.

– Кездесу кестесі жағдайға байланысты икемді түрде құрылды. Себебі тараптар әзірге бір-бірінен не күтуге болатынын толық түсінбейді, - деді ол.

Бұған дейін Fox телеарнасына берген сұхбатында Трамп нақты нәтижелерге қол жеткізілмегенін мойындаған еді.

Сарапшының пікірінше, қақтығыстың басты проблемасы тікелей келіссөздер арқылы шешілуі тиіс.

– Қақтығыстың басты проблемасы Мәскеу мен Киев арасындағы тікелей келіссөздер форматында, Вашингтонның сөзсіз тікелей араласуымен шешілуі керек, - деп атап өтті саясаттанушы.

Сонымен бірге ол тараптардың диалогты жалғастыруға ниетті екенін оң көрсеткіш ретінде бағалады.

– Ақ үй мен Кремль әлі де болса келіссөздерді жалғастыруға, оның ішінде кездесуді Украина мен Еуроодақтың қатысуымен кеңейтілген форматта өткізуге үміттеніп отыр. Бұл өте орынды. Өйткені мынадай бұлжымайтын ереже бар: кез келген қақтығысты тар аяда бастау оңай, бірақ оны аяқтау өте қиын. Ол үшін барлық мүдделі тарап қатысуы қажет, - деді сарапшы.

Қорытындылай келе, Байғалиев мәселені бейбіт түрде реттеу өте күрделі процесс екенін және Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығысты шешудің жеңіл жолдары жоқтығын айтты.

– Барлық тарап ең елеулі ымыраға дайын болғанда ғана нақты бейбіт нәтижелерге қол жеткізуге болады. Анкоридждегі кездесуден соң оның мүмкіндігі өте аз екенін де мойындайық. Бірақ бұл бейбіт келіссөздерден бас тарту керек дегенді білдірмейді. Керісінше, келесі раундқа әлдеқайда терең әрі батыл дайындық қажет екенін, сондай-ақ қақтығысты реттеуге қатысы бар барлық тарапты тарту керектігін көрсетеді, - деп түйіндеді сөзін саясаттанушы.

Өз кезегінде саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Путин-Трамп кездесуі халықаралық шиеленісті азайту жолындағы дипломатиялық қадам деп бағалаған еді.

Бұған дейін үш сағатқа жуық уақыт келіссөз жүргізген Трамп пен Путин келісімге келе алмағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар