Бастың жиі ауруы: Жоғарғы қан қысымының алғашқы белгілері қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – Дүниежүзілік гипертониямен күрес күні. Бұл күнді атап өтудегі басты мақсат – жоғары қан қысымының қаупі туралы халықты хабардар ету. Жалпы, артериялық гипертензия қалай пайда болады? «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған сарапшы маман жауап берді.

– Жалпы, артериялық қан қысымы әртүрлі қауіп факторларына байланысты туындайды. Ол қауіп факторларын екіге бөлуге болады: біреуі – басқарылатын, екіншісі – басқарылмайтын. Басқарылмайтын факторға сіздің жасыңыз жатады. Ер адамдарда 55 жастан, әйел адамдарда 65 жастан басталады. Одан кейін, егер генетикалық тұрғыда артериялық қан қысымымен ауыратын адамдар болса, бұл дерт тұқым қуалайды.
Ал басқарылатын қауіп факторларына стрестік жағдайлар мен қимыл-қозғалыстың шектелуі жатады. Әсіресе кеңсе қызметкерлерінің жұмысы туралы баса айтуға болады. Одан кейін артық салмақ, түрлі күйзелістер, дұрыс тамақтанбау, тұзды, ащы тағамдарды жиі тұтыну да жоғары қан қысымына әкеліп соғады, – дейді Жазира Қыдырбаева.
Медициналық орталық меңгерушісі жоғары қан қысымы бірден белгі бермейтінін айтады.
– Себебі күнделікті жұмыс барысында адамға ауа жетіспейді, бас ауырады, құлақ бітеліп, шуылдайды, жүрегі айниды. Бірақ кез келген жағдайда барып, қан қысымын өлшеу қолжетімді бола бермейді. Сол себепті адамдар ауруын асқындырып алуы мүмкін. Науқастар бұл ауру өзге ағзаларға әсер етіп, олардың жұмысының нашарлауына сеп болып, адам ағзасы дабыл қаққанда ғана дәрігерге қаралып жатады. Ол кезде қан тамырларының тарылуы сынды түрлі мәселелер асқынып кетеді. Мұндай жағдай профилактикалық шаралар жасауға келмейді. Сол себепті, егер басыңыз жиі ауыратын болса, күніне кемі 3 рет артериялық қан қысымын өлшеп отыру керек. Бірақ өлшер алдында ешқандай дәрі, көк шай сынды қан қысымына әсер ететін ештеңе ішпеу керек, – дейді маман.
Жазира Қыдырбаева жоғары қан қысымы басқарылатын қауіп факторларынан пайда болса, оны емдеуге болатынын айтады. Одан бөлек, маман артериялық қан қысымының түрлі сатыларын да түсіндірді:
– Артериялық қан қысымы 3 сатыға бөлінеді. Қалыпты жағдайда систолалық қысым – 120, диастолалық қысым – 80 болады. Ал қалыптыдан жоғары қысым – 129 бен 139 аралығы. Бірінші дәрежелі артериялық қан қысымы – 140–159 аралығы, 160–179 арасы – екінші дәреже, ал 180-нен жоғары болса, бұл артериялық қан қысымының ең жоғарғы дәрежесі болып есептеледі.
Еске сала кетейік, Павлодарда 11 мыңға жуық адам жүрек жеткіліксіздігімен есепте тұр.