Басты мақсат - «100 нақты қадамды» насихаттау - В.Киянский, Мәжіліс депутаты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елге келгендегі басты мақсатымыз - жергілікті тұрғындармен кездесіп, пікірлесе отырып, «100 нақты қадамды» насихаттау.
None
None

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, белгілі батысқазақстандық ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Виктор Киянский мәлім етті.

-Біз алғашқы күндері әріптестерім Шавхат Өтемісов, Самиғолла Оразов, Елена Тарасенкомен бірге Орал қаласындағы «Жастық» агрофирмасы» ЖШС-ның сүт зауытымен таныстық, деді В.В.Киянский. Мұнда айран, кілегей, майлығы 3,2 және 2,5 пайыз сүт, балмұздақ, барлығы 15 түрлі сүт өнімдері өндіріледі екен. 50 адам жұмыс жасайтын кәсіпорында тәулігіне 2,5 тоннадай сүт өнімдері өңделеді. Қазіргі кезде өндірісті кеңейту мақсатында жаңа цех салынып, ол осы заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмекші. Бұл ретте депутаттар кәсіпорын директоры Хамзат Исаевқа «Агробизнес - 2020» бағдарламасына қатысу керектігін еске салды. Ол демеуқаржы есебінен шығынның жартысын жабуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, ДСҰ жағдайында бәсекеге қабілетті болуы үшін отандық өндіріс орындары бар қолдау-көмекті пайдаланып қалу керек. Мәжіліс депутаттары сондай-ақ мемлекет тарапынан қолдау тауып отырған «Орал трансформатор зауыты», «Родник» ЖШС-да болды. Қазіргі нарыққа қажетті жұмысшы мамандар даярлайтын Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің бүгінгі хал-ахуалы да бей-жай қалдырған жоқ.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Мәжіліс депутаттарын арнайы қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы, жол құрылысы, Орал әуежайын күрделі жөндеу және басқа да атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді. Өз кезегінде депутаттар Парламенттің заңшығарушылық қызметі жөнінде хабардар етіп, бұл ретте облыстардың да заман ағымынан қалмау үшін орталық органдармен қоян-қолтық байланыс жасай беруі қажеттігін атап көрсетті.

Енді депутаттар әрқайсысы өз жоспарлары бойынша жұмыс жасамақ. Мысалы, мен алдағы тамыз айының орта шенінде тұрғындармен кездесуді жалғастырамын. Ақсай қаласында болғым келеді, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаймын. «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асырудың маңыздылығын елге жеткіземін. Біз бұған дейін Үкіметпен бірлесіп ұлттық комиссияда жұмыс жасадық. Мысалы, мен Дариға Нұрсұлтанқызы жетекшілік ететін топта болып, 97-100-қадамдарды нақтыладық. Айталық, 97-қадамда мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру керектігі айтылғаны мәлім. Шындығында IT технологияны енгізу ісін жеке компания жақсырақ атқара алады. Автокөлік қызметі және басқа қызметтерді де бәсекелестік ортаға беруге болады. Тек бұдан мемлекет зиян шекпесе болды. 98-қадамда айтылған селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу де маңызды. 99-қадамда атап көрсетілгеніндей, мемлекеттік органдар мен әкімдер жанында қоғамдық кеңестер құрылатын болады. Бұл кеңестердің өкілеттіліктері мен мәртебесі заңмен бекітіледі. Сол секілді 100-қадамда «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылып, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатыны көрсетілген. Мемлекеттік қызметті сапа менеджменті ISO 9000 сериясына сәйкес халықаралық сертификаттау да заман талабынан туындап отыр.

-Виктор Владимирович, осы жұмыстар Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында атқарылып жатыр ғой. Ел бірлігіне жететін ештеңе жоқ. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

-Иә, оған сөз бар ма! Елбасымыздың бастауымен құрылған Ассамблея жиырма жыл ішінде өзінің өміршеңдігін көрсетті. Ұлтаралық татулыққа жететін ештеңе жоқтығын дәлелдеді. Ендігі міндет - осы жетістіктерімізді баянды етіп, ел ішіндегі тұрақтылықты одан әрі орнықтыру. Бұл ретте Ассамблеяның Астанадан бастап аудандарға дейін үйлесімді жұмыс жасауы маңызды. Осы орайда аудандық ұлттық-мәдени орталықтарда болып, олардың да тыныс-тіршілігімен таныспақшымын. Елбасымыз тілдің үш тұғырлылығы мәселесін тегін қойып отырған жоқ. Қазақстан азаматтары қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тең меңгерген жағдайда ғана әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті бола алады. Өз басым қазақ және орыс сөздерін үнемі салыстыра зерттеп, олардың шығу тегінің жақындығына ден қойып отырамын. Тамырымыз бір екендігіне еш күмән келтірмеймін. Біз өткен тарихымыздан елді біріктіретін деректерді іздеуіміз керек. Біздің ата-бабаларымыз осы күнге жетсек екен деп армандаумен өтті. Соған Елбасымыздың саясаты арқасында қол жеткізіп отырмыз. «Мәңгілік ел» - ұлы идея. Оны жүзеге асыруға, ұлтымызға қарамастан, бәріміз мүдделі болып, үлесімізді қосуымыз керек. «Мәңгілік елдің» бір қанаты Ассамблея болса, екіншісі Еуразиялық одақ деп түсінемін. Астананың өзі «Мәңгілік ел» салтанат қақпасымен (триумфалды арка) ашылып, Тәуелсіздік сарайы сынды еңселі ғимараттарымен мақтана алады. Арка сөзі арқа, негіз дегенді білдіреді. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы сынды мерейлі белесті де көп ұлтты халқымыз ерекше мақтанышпен атап өтпекші. Қазақстанның батысындағы Сарайшық, Бөкей ордасын сол Қазақ хандығының кезеңдері деп айтуға болады. Ендеше, осындай бай тарихымызды ұмытуға бола ма, біз өткенімізді қастерлеп, бүгінімізді бекемдесек қана «Мәңгілік ел» деп аталатын жарқын ертеңімізге жете аламыз.

Соңғы жаңалықтар