Басты міндет - орманды қайта түлету

- Жыл сайын мен елорданың аумағында орман шаруашылығын дамыту бойынша тапсырманың қаншалықты орындалып жатқанын тексеріп, қараймын. Бұған дейін біз орманның батыс аумағына отырғызылған көшеттерді көрсек, бүгінде бұл үрдіс орманның шығыс бөлігінде қалай жүзеге асып жатқанын көрдік. Алдымен ағаштардың түрлі сұрыптағы жиынтығы, орманның ортасына қарағай, шырша, аққайың секілді ағаштар отырғызылады. Әрі қарай орман өзі гүлдеп-өніп, ағаштар мен жасыл-көк көбейеді. Бурабай орманына жасыл белдеудің қосылуы толығымен дерлік жүзеге асты.
Қазір біздің басты міндетіміз - орманды қайта түлету. Бүгінде қала маңындағы 80 мыңға жуық гектар жерге ағаш отырғызылды. 2020 жылға дейін оның аумағы 100 мың гектарға жетеді, - деді Мемлекет басшысы.
Жалпы 2020 жылға дейін «Жасыл белдеуде» үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Оның ең біріншісі - жасыл белдеуді дамыту, яғни орман кеңістігінде егу жұмыстарын жалғастыру болып отыр. Мәселен, елорданың жасыл белдеуінің 1 589,2 гектар аумағына 2,1 млн ағаш көшеттері отырғызылды. Алдағы 2018 және 2030 жылдар аралығында 5730 га жерге ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Екінші бағыт - қала аумағында 29 676 гектарға дейін бос жерлерде орман алқаптарын жасау. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында «үздіксіз көгалдандыру» үшін қосымша 14 849 га бос жер бөлінген. Үшінші бағыт - халықтың жаппай демалуы үшін жағымды рекреациялық жағдайларды құру керек болып отыр. Осы мәселені шешу үшін өткен жылы жасыл белдеу аумағында жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын асфальтталған велосипед жолдары салынды.
- 25 жыл ішінде орманның аумағы кеңейді. Бұл жерде 20 шақырымдық велосипед жолдары, демалыс орындары бар. Ең бастысы, бұл - орман біздің таза ауамен тыныстауға мүмкіндік беретін ордамыздың «өкпесі». Бұл орман - біздің ұрпағымыз үшін жасалып отырған сый, мәңгілік мұра. Астана қаласының тек іші ғана әдемі емес, сондай-ақ, шаһар айналасы мен сырты да сұлу келбетті. Қалада 15 мың ағаш отырғызылды, жаңа ботаникалық саябақ, көптеген алаңдар пайда болады. Халық ағаштар мен теректерді сындырмай, жасыл шөпті жұлмай, табиғатты, орманды аялап, сақтап қалу керек, түрлі апаттар мен өрттен қорғап қалуы тиіс, - деді Н.Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы елорда тұрғындарын Астананың «жасыл белдеуі» аумағын кеңейтуге үлес қосуға шақырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алда келе жатқан Астана күнімен көпшілікті құттықтады.
Жалпы Президенттің Астананың айналасын орманға айналдыру мәселесін басты назарда ұстауы тегін емес. Оның ең бірінші себебі елорданың экологиялық жағдайын жақсарту болса, екіншісі - адамдардың тынығатын аймақ жасау.
«Жасыл белдеуде» жан-жануарлар құрамын арттыру бойынша да жұмыстар қатар жүргізіліп жатыр. Себебі, жасанды орманның өсімдік әлемі мен жануарлар құрамы да қатар дамуы қажет. Алты жылдың ішінде жұмыртқадан инкубация арқылы 8083 құс шығарылып, 7683-і еркіндікке жіберілген екен. Кеше де шара соңында Мемлекет басшысы орманға қырғауылдар мен еліктерді жіберу рәсіміне қатысты.
Президент кеше, сондай-ақ, орман алқабының аумағын тікұшақпен аралап көрген соң, «Балқарағай» демалыс аймағында орналасқан этноауылда болды. Онда Мемлекет басшысының төрағалығымен Астананың «жасыл белдеуін» дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өтті. Оған Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин, Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов қатысты. Елбасы жасыл аймақты дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен оны одан әрі көгалдандыру жоспарларымен танысты. Кеңесте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев есеп берді.
Е.Нысанбаев отырғызылған көшеттердің жағдайына ұдайы мониторинг жасап, республикамыздың кәсіби ұйымдарының қатысуымен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу Астана қаласы маңында «жасыл желекті» қалыптастыруды қамтамасыз ететін негізгі шара болып саналатынын айтты. «Жасыл белдеуде» 2020 жылға дейін үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарлануда. Бірінші - жасыл белдеуді дамыту, яғни ықтырмааралық кеңістігінде егіс жұмыстарын жалғастыру. Осы мақсатта ықтырмааралық кеңістіктегі 1589,2 гектар аумаққа 2,1 миллионнан астам ағаш көшеттері отырғызылған. Соның ішінде 51 пайызы қылқан жапырақты түрі, ал 49 пайызы жайпақ жапырақты түрі. 2018 жыл мен 2030 жыл аралығында 5730 гектар аумаққа ағаш отырғызу көзделген. Екінші бағыт - қала аумағындағы бос жерлерде орман алқаптарын жасау. Президенттің тапсырмасын орындау аясында «үздіксіз көгалдандыру» бойынша жұмыстарды ұйымдастыру үшін бірыңғай орман алқабын құру мақсатында қосымша 14 849 гектар бос жер «жасыл сыналар» құру үшін бөлінген.
Жалпы, елорда аумағында табиғи-ландшафтты 26 676 гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Үшінші бағыт - елорданың жасыл белдеуін дамыту үшін рекреациялық аумақтарды жасау. Халықтың жаппай демалатын аумағын қалыптастыру. Бұл үшін 2016 жылы жасыл белдеу аумағында 23 шақырымды құрайтын асфальтталған велосипед жолдары салынған. Велосипед жолдарының құрылысы жаңа технологиялық стандарттармен жасалған. Онда тіпті велосипед тебуге келетіндер үшін автотұрақтар салынып, арнайы орындықтар қойылған. Келешекте мұндай велосипед жолдары желісін қаланың айналасында 258 шақырымға дейін жеткізу жоспарланған. 2020 жылға қарай Астана маңының орман аумағы 100 мың гектарға жеткізілмек.