Батыр Мәншүктің өмірін әлі де зерттей түсу керек – БҚО тұрғыны

ОРАЛ. KAZINFORM — Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында тұратын еңбек ардагері Жаңбырбай Камалов Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова туралы өзі білетін деректермен бөлісті.

Мәметова
Фото: Мәншүк Мәметова мемориалды музейінен

Мамыр айында 86 жасқа толатын ақсақал қазақтың батыр қызымен немере туыс болып келеді.

— Біз Шеркеш руы Қашқыншы бөлімінің Қалкесінен тараймыз. Жаңақала ауданында тұрған, «Біздің Шолохов» деген кітап жазған Ғапар Рамазановпен аталарымыз бір. Менің әкем Камал мен оның әкесі ағалы-інілі адамнан туған. Сол Ғапар ағам көзі тірісінде ауылға келгенінде Мәншүкпен туыс екенімізді айтып отыратын, шежіресінде де келтірген, — дейді ардагер.

а
Фото: Мәншүк Мәметова мемориалды музейінен

Оның айтуынша, тағы бір шежіреде бұлар Мәншүкпен (шын есімі Мәнсия) үшінші атадан, яғни Мамасейіттен қосылады. Ел аузында темір қыздырып, от жалаған Мамасейіт бақсы-емші болған деген сөз бар.

Жаңбырбай Камаловтың сөзіне қарағанда, Мәншүктің әкесі Жеңсігәлі мен анасы Тойылша Бөкей ордасы ауданының Жиекқұм ауылын мекендеген.

Мәншүкті кішкентайында асырап алған Жеңсігәлінің немере ағайыны Ахмет Мәметов пен зайыбы Әмина Сүлейменқызы сол Жиекқұмнан алып кеткен. 

а
Фото: Мәншүк Мәметова мемориалды музейінен

— 1967 жылы Орда ауылында кең көлемде «Әкелер даңқы жолымен» атты слет өтті. Сол іс-шараға Әмина апай келген. Менің Мәншүкпен туыс екенімді Орда кеңшарында ферма басқарушысы болған Уәли Мырзағалиев білетін. Ол кезде Саратов қаласындағы Н.Вавилов атындағы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүр едім. «Сол баланы шақырайық» деген ұсыныс болғанымен, мұны қолдамай, маған хабар жетпеді, — дейді ақсақал.  

Ардагер Мәншүктің өз әкесі Жеңсігәлі мен анасы Тойылшаның өмірі, ұрпақтары жөнінде толық зерттелмегеніне қынжылыс білдірді. Сондай-ақ батыр қыздың ататегін түбегейлі анықтап, бір жүйеге келтіру керектігін жеткізді. 

Тіпті басқасын айтпағанда, Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөніндегі жарлықта да Мәншүктің әкесінің есімі Жиенғалиқызы деп қате жазылып кетті.

Жаңбырбай Камаловтың өзі үш жасында әкесінен жетім қалғандықтан көп нәрсенің байыбына бара алмай қалғанына өкінеді. 

Орда ауданындағы Киров атындағы колхозда (қазіргі Тайғара елді мекені) жылқы фермасының басқарушысы болған әкесі Камал Саламатов 1942 жылы әскерге алынып, содан хабарсыз кеткен. Соғысқа кетпестен бұрын бір құжаттарында 1900 жылы туған деп жазылыпты.

а
Фото: Мәншүк Мәметова мемориалды музейінен

Анасы Айғаным 28 жасында шиеттей төрт баламен жесір қалған. Тіпті соғыста қаза тапқан жауынгердің отбасы ретінде жәрдемақы да алмаған. Апалары Нәсіпқаным, Сұлуғаным, қарындасы Ұмсынғаным ерте қайтқан.

Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылында тұратын жиені Жаңылсын Тырмышова іздестіріп, Камал Саламатовтың Сталинград (қазіргі Волгоград) пен Ростов облысы арасында ірі шайқаста мерт болғанын анықтаған.

Ресейлік «Память народа» сайтында Камал Саламатовтың аты-жөні Саломатов Камат, 1903 жылы туған, 1942 жылы 28 тамызда Ростов облысында хабар-ошарсыз кеткен деп көрсетілген.

а
Фото: Kazinform

— Соғыстың салған лаңы аз емес қой. Мәншүк апайымыз небәрі 21 жасында асқан қаһармандық танытып, қыршын кетті. Артында ұрпағы да қалмады. Ал әкемнің сүйегі қандықасап қырғында қайда қалғанын білмеймін. Шүкіршілік ететінім — Мәншүк Мәметованы барша қазақтың мақтан тұтып, құрметтейтіні, — дейді Жаңбырбай Камалов.

Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова туралы аз жазылған жоқ. Анығы, сталиндік зұлмат кезінде жазықсыз жала жабылған әкесі, Батыс Алашорда қайраткері, қазақтың көзі ашық азаматтарының бірі Ахмет Мәметовті қайтсем де ақтап аламын деп майданға кетіп, содан қайтқан жоқ.

Батыр қыз әкесінің 1938 жылы-ақ «халық жауы» атанып, атылып кеткенін білмеді.

Мәншүк соғыстан оралмасын сезгендей анасы Әминаға жолдаған хаттарының бірінде: «Егер қаза тапсам, онда Отан үшін, әкем үшін және сіз үшін» деп жазды. 

а
Фото: Мәншүк Мәметова мемориалды музейінен

«Мәншүк: мұз бен жалын жыры» атты арнайы кітап жазған алматылық жазушы-эссеист, ғалым Мақсат Тәж-Мұрат Мәншүктің шырғалаңға толы қысқа ғұмырын әлі де зерттей түсу керек деп есептейді.

Оның пайымдауынша, Мәншүктің қайда дүниеге келгені, туған күні жөнінде түрлі пікір, дерек бар. Қазақтардың көшіп-қонып жүретін уақыты ғой.

Бөкей ордасының құмында қыстап, көктем шыға қазіргі Жәнібек ауданының Ақоба, Қамысты жағына қарай көшкеннен кейін дүниеге көрінген болуы мүмкін. 

Немесе Жиекқұмда кіндік қаны тамып, кішкентайында ата-анасымен бірге Жәнібек жағына ойысуы да ықтимал.

Мәншүк өз қолымен толтырған анкетада туған жерін Жәнібек ауданы Қамысты ауыл советі, туған күнін 1922 жылғы 13 қазан деп көрсеткен. 

а
Фото: Мәншүк Мәметова мемориалды музейінен

— Екіншіден, кейінгі уақытта Мәншүк жаумен аянбай шайқасып, мерт болған төбеге белгі қою керек дегендер шықты. Ол сол төбе ме, белгісіз. Сондай-ақ кезінде Невель топырағында жерленген батыр қыздың сүйегі ме, ол да дүдәмал. Міне, осының бәрін сол жерлерге барып, мұқият зерттеу керек, — дейді Мақсат Тәж-Мұрат.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Халық қаһарманы Иван Гапичтің ерлігі мен еңбегі дәріптелгенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар