Батыс Қазақстанда 158,6 мың тонна қалдықтар көмілді
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 158,6 мың тонна қалдықтар көмілді.

БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиевтің өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның 73,15 мың тоннасы немесе 46,1 пайызы Оралдағы, 23,2 мың тоннасы (14,6 пайызы) Ақсай қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында көмілді. Сондай-ақ 22,4 мың тоннасы (14,1 пайызы) «ҚПО б.в.» полигонында, 3,55 мың тоннасы (2,2 пайызы) «Жайық таза қала» ЖШС және 36,3 мың тоннасы (23 пайызы) ауылдық жерлердегі қоқыс алаңдарында екенін айтты.
Оның сөзіне қарағанда, 2024 жылы қатты тұрмыстық қалдықтардың 21,2 пайызы өңделді.
Облыста атмосфералық ауаға шығарылған зиянды заттардың көлемі – республикадағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Өткен жылы 40 мың тонна болып, жалпы республикалық шығарындылардың 2 пайызынан асқан жоқ. Соның арқасында Батыс Қазақстан облысында қоршаған ортаның жай-күйі тұрақты, өңір елдегі экологиялық жағынан қолайлы аймақ болып есептеледі.
- Атмосфералық ауаға шығарылатын зиянды заттардың негізгі үлесі мұнайгаз және энергия, коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының үлесіне тиеді. Атап айтқанда, барлық зиянды заттардың 62 пайыздан астамы мына кәсіпорындарға тиесілі: «ҚПО б.в.» - 15,4 пайыз, «Жайықмұнай» ЖШС – 11,7 пайыз, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Орал магистралдық газ құбырлары басқармасы» филиалы – 17,7 пайыз, «ICM Recycling» ЖШС – 11,5 пайыз, «Жайықжылуқуат» АҚ – 6,2 пайыз. Өткен жылы жоғары ластану деректері тіркелген жоқ, - деді М.Ермекқалиев.
Департамент басшысының айтуынша, өткен жылы инспекторлық тексерулер бойынша экологиялық нормалар мен қағидалар талаптары 171 рет анықталды және оларды жою бойынша 123 ұйғарым берілді. Жалпы сомасы 293,4 млн теңгеге айыппұлдар салынып, соның 154,3 млн теңгесі немесе 52,6 пайызы өндірілді.
Оның мәлімдеуінше, өткен жылдың төртінші тоқсанында өңірдегі екі ірі жер қойнауын пайдаланушылар – «ҚПО б.в.» мен «Жайықмұнай» компанияларына жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Соның нәтижесінде «ҚПО б.в.» компаниясынан 2022-2023 жылдары қоршаған ортаға 264,36 тонна көлемінде ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарылып, төгілгені анықталды. Сол арқылы компания ҚР Экологиялық кодексінің 39, 106-баптарының талаптарын бұзды.
Шығарындылар бойынша негізгі ластаушы заттар азот тотығы, күкірт тотығы, күкірт қостотығы және формальдегид, ал төгінділер бойынша фосфат пен мұнай өнімдері болды. Тексеру нәтижелері бойынша аталған компания ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабы 1, 2-бөліктеріне сәйкес жауапкершілікке тартылып, 908,6 млн теңге айыппұл салынды.
- Сол секілді «Жайықмұнай» ЖШС-ның Чинарев мұнайгаз конденсаты кен орны нысандарында 2022-2023 жылдары жалпы көлемі 26,121 тонна болатын қоршаған ортаға нормативтен тыс эмиссияларға жол бергені анықталды. Төгінділер бойынша ластаушы заттар нормативтен 25,28 тоннаға асып кеткен. Оның ішінде негізгі үлесі – 19,1 тонна хлорид. Шығарындылар бойынша ластаушы заттар (күкіртсутек және меркаптан) нормадан 0,84 тоннаға асып кеткен. Тексеру нәтижесі бойынша бұл кәсіпорынға да 83,7 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. «Жайықмұнай» ЖШС тексеру нәтижелерімен келісіп, әкімшілік айыппұлды мемлекеттік пайдасына төледі, - деді М.Ермекқалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда басты экологиялық мәселе қандай екенін жазған болатынбыз.