Батыс Қазақстан ауылдарында 151 құқық кабинеті жұмыс істейді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. 

Батыс Қазақстан ауылдарында 151 құқық кабинеті жұмыс істейді
Фото: pexels.com

БҚО әділет департаментінің басшысы Әлия Тасыбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биылғы бірінші жартыжылдықта «Әділет кеңес береді», «Халық заңгері», «Ашық есік күні» акциялары бойынша 10 іс-шара өткізілді.

Әлия Әнесқызының сөзіне қарағанда, оған қоса 623 консультативтік-түсіндіру іс-шарасы 83 439 адамды қамтыды.

— Ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру үшін 151 құқық кабинеті ашылды. Кабинеттер аудандық, ауылдық мәдениет үйлерінде, демалыс орталықтарында және басқа орындарда «Egov» бұрыштарының базасында жұмыс істейді. 151 ауылдық округтің барлығында интернетке қолжетімді компьютерлер орнатылып, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жасалды. Кабинеттерде қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен танысу үшін «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі, «Заң» деректер базасы, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге (e-otinish, «Ашық НҚА» порталы және басқа) қолжетімділікпен толық қамтамасыз етілген, — деді Әлия Тасыбаева.

Оның айтуынша, құқық кабинеттерінің жұмысын бақылаумен жергілікті әкімдіктер айналысады. Сонымен қатар әділет департаменті мониторингілеу ісін жүргізіп отырады.

Әділет министрлігінің ресми құжаттарды шетелде тануды жеңілдету және жеделдету мақсатында электронды апостиль қызметін іске қосқаны белгілі.

— Енді азаматтар мен заңды тұлғалар апостильді қашықтан, онлайн түрде рәсімдей алады. Қызмет электронды үкімет порталы — www.egov.kz арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану арқылы көрсетіледі. Бұрын апостиль 10-15 жұмыс күніне дейінгі мерзімде алынса, қазір оған бір тәулік ішінде қол жеткізуге болады. Бұл жөнінде тұрғындар жұмыс уақытында халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінсе, сонымен қатар қызмет тәулік бойы онлайн қолжетімді. Бұл құжаттарды шетелде заңдастыру процесін айтарлықтай жеңілдетіп, адамардың уақытын үнемдеп, қағазбастылықты азайтады. Сондай-ақ электронды құжат қағаз апостильмен тең заңды күшке ие, — деді департамент басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын электронды апостильге байланысты Қазақстан құжаттары 90 елде жарамды болатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар