Батыс Қазақстан облысында 14 адамды қарақұрт шаққан

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы жеті айда қарақұрт шаққан 14 адамға медициналық көмек көрсетілді.

қарақұрт
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

БҚО денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, олардың бәрі де емделіп шықты. Соның ішінде екі дерек Сырым ауданында тіркелді. 
Мамандардың айтуынша, қарақұрт шағып алса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Уды өз бетінше сығуға тырысудың қажеті жоқ.

Қарақұрт шағуын емдеу хаттамасы:
1. Алғашқы көмек:
— Тістеген жерді сабынмен жуу;
— Жараны антисептикпен өңдеу;
-Удың сіңуін баяулату үшін тістеген жерге салқын басу (компресс, мұз).
2. Медициналық көмек:
— Қарақұртқа қарсы сарысуды енгізу: бұл уды бейтараптандыруға бағытталған негізгі емдеу әдісі;
— Симптоматикалық ем:
Ауырсынуды басатын дәрілік заттар.
Детоксикация терапиясы: ағзадан уды кетіруге бағытталған ем;
Инфузиялық терапия: су-электролит балансын сақтау үшін арналған ем;
Ауыр жағдайларда кортикостероидтарды қолдануға тура келеді.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шұғыл түрде медициналық көмек көрсететін стационарлар қарақұрт уына қарсы сарысумен қамтылған.
Сырым ауданы Жымпиты ауылының тұрғыны Кемел Ессұлтанов қарақұрт шағып ала ма деп қауіптенетінін жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, осының алдында ауданда екі өзбекстандық азаматты қарақұрт шағып, оларды емдеу үшін қалаға алып кеткен. 

Ауыл тұрғыны қарақұрт басқа жақтан әкелінетін тас сияқты құрылыс материалдарымен бірге келеді деп топшылайды. Өйткені өзі бейнежазбаға түсіріп алған қарақұрт тастың арасынан шыққан. 

— Қазір аулада үй салып жатырмыз. Әр тасты мұқият қарауға тура келеді. Жаз мезгілі болған соң жеңіл аяқкиіммен жүреміз. Қолға биялай, үстімізге арнайы киім, сосын жабық аяқкиім кию керек шығар. Әсіресе, балаларды шағып ала ма деп қорқамыз. Ұлым кішкентай, қолымен ұстап қараған, қарақұрттың не екенін білмейді ғой. Сондықтан қауіптің алдын алып, ауылды түгел бұқырлау және балалар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, дұрыс болар еді. Білетіндер осы уақыт қарақұрттың көбейетін кезі дейді. Көзін жоймасақ, өсіп кету қаупі бар, — деді Кемел Ессұлтанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда көмілген сібір жарасы ошағынан қауіп бар ма, соны жазған едік

Соңғы жаңалықтар