Батыс Қазақстан облысында пышақ жарақатын алған оқушы жазылып шықты
ОРАЛ. KAZINFORM — Бұдан бұрын хабарланғанындай, Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстепный ауылында бір оқушы екіншісіне пышақ сұғып алған болатын. Күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалған еді.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, зардап шеккен оқушы жазылып шығып, қазіргі кезде мектепте оқып жүр.
— Оқиға болған кезде мектепті директордың міндетін атқарушы басқарған еді. Кейін жаңадан директор тағайындалды. Оқушылармен жеке жұмыстар жүргізіліп келеді. Оларға ер мұғалім тәлімгер ретінде бекітілген, — деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда қылмыстық іс өндірісте, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір оқушы екіншісіне пышақ сұғып алғанын жазған едік.