Батыс Қазақстан облысында ірі интернет-алаяқтық әшкереленді
АСТАНА. KAZINFORM — Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криптовалютаға инвестиция жасау арқылы интернет-алаяқтықтың ауқымды сызбасын ұйымдастырды деген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ірі алаяқтық бойынша қолға түскен күдікті Батыс Қазақстан облысының 27 жастағы тұрғыны екені анықталды.
Тергеу барысында күдіктінің криптовалюта сатып алу-сату сылтауымен облыстың 20-дан астам тұрғынын алаяқтыққа «дроппер» ретінде тартқаны белгілі болды. Ұрланған ақша дропперлердің банк шоттары арқылы аударылған.
Күдікті түскен қаражатты Bybit және Binance онлайн-платформалары арқылы криптовалютаға айналдырып, алаяқтарға жіберіп, осы қызметі үшін сыйақы алып отырған. Ол Астана қаласында қолға түсті. Қазіргі уақытта ол Оралда қамауда отыр. Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.
- Осы ретте полиция қызметкерлері халықты барынша мұқият болуға шақырады. Жеке деректеріңізді және банк реквизиттеріңізді бөгде адамдарға бермеуді сұрайды. Себебі сіз қылмыстық іс-әрекетке қатысты адамға айналуыңыз мүмкін, - делінген ақпаратта.
Банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, оның ішінде материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру әрекеттері дропперлік болып саналады.
Бұл әрекет интернет-алаяқтықтың негізгі әдістерінің бірі. Ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мен шығару үшін қолданылады. Аталған норма кибералаяқтыққа қарсы жүйелі күресті, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуды және цифрлық ортада әрекет ететін қылмыстық топтардың қызметін тоқтатуды көздейді.
Айта кетейік, елімізде интернет-алаяқтық пен есірткіден түскен кірістерді жылыстатуға арналған сервис анықталды.