Батыс Қазақстан облысында ірі және ұсақ мал саны артқан
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы аумағында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 60 пайызы мал шаруашылығына тиесілі.
«Өңірдегі басым бағыттардың бірі – мал шаруашылығы. Саланы дамыту бағытындағы қолдаулардың нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғайып келеді. Облыс аумағында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 60% мал шаруашылығына тиесілі. Биыл бұл саланы қолдауға 50 млрд теңге қаржы бөлінді», - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Әкім ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл ұсақ мүйізді мал басының саны 2 млн-ға жуықтады, ірі қара малы 1 млн, жылқы 350 мыңнан асқан және түйе 3 мың басқа жетті.
«Облыс аумағында 616 мың гектар жер егіс алқабы, бүгінде егін ору науқаны толық аяқталды. Биылғы маусымда 300 мың тонна астық, 96 мың тонна майлы дақылдар, 50 мың тонна картоп, 46 мың тонна көкөніс жиналды», - деп толықтырды Н. Төреғалиев.
Айта кетсек, БҚО-да үш жылдың ішінде 620 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.