Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің ағысы бәсеңдеді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында кейінгі тәулікте Жайық өзеніндегі су деңгейі сәл-пәл көтерілгені байқалады.

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің ағысы бәсеңдеді
Фото: Ғайсағали Сейтақ

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, трансшекаралық өзендегі су деңгейі Ресейдің Орынбор қаласында бір тәулікте 7 (425 см), Елек ауданы тұсында 2 (493 см) сантиметрге төмендеген.

Оның сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Жарсуат ауылындағы гидробекетте су деңгейі кейінгі тәулікте өзгермеген (494 см). 

– Жайықтағы су деңгейі Бәйтерек ауданы Январцевте 436 (+2, қауіпті шегі – 1 мың см), Орал қаласында 358 (+4, 850 см), Көшімде 371 (-1), Ақжайық ауданы Мерген ауылында 554 (+3), Тайпақта 326 (+6) сантиметрді көрсетті. Басқа өзендердің арыны қайтты. Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайыққа бұрынғыша секундына 15 текше метр су жіберіліп жатыр, - деді Т. Шапанов. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Иреклі қоймасынан Жайыққа жіберілетін су көлемі 15 текше метрге дейін азайтылғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар