Батыс Қазақстан облысында жер сілкінісі аймағына қанша елді мекен кіреді
ОРАЛ. KAZINFORM – «Сейсмикалық аймақтарда құрылыс» ҚР ережелер жинағына сәйкес Батыс Қазақстан облысының аумағында қарқындылығы 5-6 балл болатын жер сілкінісі аймағына 9 елді мекен кіреді.
БҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Теміржан Танжановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өңірде мұндай аймаққа Орал қаласы, Жаңақала, Казталов, Бөкей ордасы, Тасқала, Теректі, Ақжайық, Шыңғырлау және Бәйтерек ауданы енгізілген.
Оның сөзіне қарағанда, облыс аумағында кейінгі жер сілкісі 2008 жылы 26 сәуірде Теректі ауданының Рыбцех, Шалқар, Ерсары және Сарыөмір елді мекендерінде болған.
«1 наурыз – Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай облыста іс-шаралар бекітілді. Соның бірі – өңір тұрғындарын төтенше жағдайларда іс-қимыл жасау дағдыларына үйрету, авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу мақсатында 23 ақпан күні сағат 11.00-де сейсмикалық жаттығу жоспарланып отыр. Батыс Қазақстан облысы қауіпті жер сілкінісіне бейім емес. Дегенмен тұрғындар жер сілкінісі бола қалған жағдайда не істеу керектігін білгені жөн», - деді Т.Танжанов.