Батыс Қазақстан облысында жол мәселесі қашан шешімін табады
Батыс Қазақстан облысында жол ең өзекті мәселелердің бірі болып есептеледі. Оны біртіндеп шешу бағытында аймақта қандай жұмыстар қолға алынды? Алдағы уақытта не істелмек? Нендей түйткілдер бар? Осы орайда Kazinform тілшісі тараптармен тілдесіп көрді.

Жергілікті жолдар не күйде?
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетовтің мәлім еткеніндей, өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 176 километр болса, соның 1 414-і – республикалық, 4 762-сі – жергілікті маңызы бар жолдар.
Жыл басында республикалық маңызы бар автожолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 68, жергілікті жолдардікі 46 пайыз болған еді. Алдағы жыл басында жергілікті жолдар бойынша бұл көрсеткішті 52 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Басқарма мәліметі бойынша биыл облыста «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында барлығы 81,5 млрд теңгеге 615 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған болатын. Облыста жергілікті жолдар бойынша ұзындығы 335 км, жалпы сомасы 26,6 млрд теңгеге 56 жоба жүзеге асырылып жатса, соның 21-і 2022 жылдан ауысқан. 1 қазандағы мәлімет бойынша 245,7 шақырым автожолға асфальтбетон жамылғысы төселсе, соның 21,6 шақырымы – облыстық, 216,7 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар.

Облыстық маңызы бар 3 нысанның екеуі (Барбастау-Ақжайық-Индер (43-93 км), Чапаев-Жаңақала-Сайқын (130-191 км) бойынша түзету жұмыстары аяқталды. 1 нысан (Бөрлі-Ақсай-Жымпиты (68-139 км) сараптамада. Теректі-Ақсай жолының 73-82 км бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Ал 43-58 және 58-73 км аралықтары бойынша мердігерлерге қатысты сотқа шағым жолданды. Тасқала-Аққұрай-Болашақ (96-111, 111-126, 126-141, 141-149 км), бағытында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бәйтерек ауданындағы Үлкен Шаған-Переметный-Вечный автожолында Деркөл өзені арқылы өтетін көпір күрделі жөндеу басталды.

2024 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша 47 жобаға 22 млрд теңге, оған қоса «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 14 жобаға 4,7 млрд теңге қарастырылды.
«Бұл жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді, сондай-ақ үздік және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етіп, жергілікті автожолдардың қанағаттанарлық жай-күйінің үлесін арттырады. Сондай-ақ аудан-ауылдармен қарым-қатынасты жақсартып қана қоймай, құрылыс пен бизнестің тынысын ашып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», - дейді Б. Айтмағамбетов.
Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың айтуынша, шаһардағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 615 км болса, соның 76,15 пайызы (468,3 км) жақсы және қанағаттанарлық күйде. Ал 23,85 пайызы (146,7 км) – топырақ жабынды жолдар.

Қала бойынша биыл 9,7 млрд теңгеге ұзындығы 76,8 км 71 көшенің (30 жоба) жолын түзеу қолға алынды. Күні бүгінге дейін 56,3 км көше жолы асфальтталды. Жыл соңына дейін 12 шақырымға (9 көше) жол салынады. Қалған ауыспалы нысандар келесі жылы мәресіне жетеді.
«2024-2025 жылдары жалпы сомасы 14,6 млрд теңгеге ұзындығы 171,2 шақырым болатын 59 жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталды. Соның ішінде 30-ы (39,3 км) – қайта құру мен жол құрылысы, төртеуі (48,5 км) – күрделі жөндеу. Қаражат бөлінген жағдайда бұл жобалар жүзеге асатын болады. 2025 жылы Орал қаласында екі ел басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің ХХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетін болады. Осы форумды дайындау мен өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына жол жөндеу бойынша жалпы сомасы 7,4 млрд теңгеге ұзындығы 74,5 км 38 жоба (17-сі – қайта құру, екеуі – күрделі, 19-ы – орташа жөндеу) енгізілді. Бұл жұмыстар 2024-2025 жылдары атқарылатын болады», - деді М. Сатқанов.
Орал қаласының тұрғындары облыс орталығында жол салу бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатқанымен, көктемгі және күзгі лайсаң кезінде балшығы белшеден келетін көшелердің де бар екендігін айтады.
«Біз Гүлзар көшесінде 1996 жылдан бастап тұрамыз. Осы уақытқа дейін көше тұрғындары тас жол болмағандықтан, көптеген қиындық көріп келеді. Жаз мезгілінде өткен көліктерден шаң-тозаң көтеріліп, демалу қиындайды. Әсіресе, жазғытұрым мен күз мезгілдерінде жауын-шашыннан соң лайланып, көліктің, жаяу жүргіншінің, соның ішінде мектеп оқушыларының, мүгедек адамдардың жүріп-тұруына аса қиындық туғызып отыр. Жедел жәрдем шақырғанда, дәрігерлер тез жете алмайды. Сонымен қатар көшеде қоғамдық кәріз жүйесі болмағандықтан, әр тұрғын үйдің өздері орнатқан кәріз құдықтарын тазартуға шақырған көліктер жол қатынасының нашар болуына байланысты келуден бас тартады. Осы аталған жағдайлар әлеуметтік, экологиялық, қауіпсіздік мәселелерін туындатып отыр. Қалада кейін пайда болған көше, аудандарда жол салынуда. Ал Гүлзар көшесі сол күйінде қалып отыр», - дейді Зачаган кентінің тұрғыны Мұхамбет Мұқашев.

Зачаган кентіне қарасты «Балауса» шағынауданында тұратын Нұрбек Оразаев та өз пікірін қосты.
«Шолан батыр көшесімен келе жатсаң, оң жағыңда салынып жатырған 1500 орындық жайлы мектепті көресің. Ал сол жағыңда тұрғындар балшыққа батып жатыр. "Келер жылы мектептің құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі. Сол мектепке апаратын жолдың қамын биылдан ойластыра берейік" деп жоспарлайтын билікке, бір басшыға жарымай қойдық. Мысалы, Алпысбай Қалменов көшесінде машина түгілі, жаяу жүру мүмкін емес. Дәл осындай бірнеше көше бар. Мектеп жасындағы баласын арқалап бара жатқан адамдарды аяйсың. Жүргізушілер көлігімен су кешіп өтіп, артынша сол судан тырнауышпен нөмірін іздеп жүреді», - дейді Н. Оразаев.

Алыс аудандар жолын жөндеу жұмыстары уақтылы аяқтала ма?
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, облыста республикалық маңызы бар жолдар бойынша 2019 жылдан бастап жалпы ұзындығы 317 км болатын 8 жоба (күрделі жөндеу және реконструкциялау) іске асырылып жатыр.
Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын жолдарын жөндеуге ерекше назар аударылып келеді. Ұзындығы 245 км жолды жөндеудегі 6 жобаның жалпы құны – 80,1 млрд теңге. 2019-2022 жылдар аралығында 124,6 км жол ретке келтірілген еді. Биыл автожолдың қалған 120,4 шақырымына 31 млрд теңге қаралып, 1 қазанға дейін 72,4 км жолға асфальтбетон жабыны төселді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Марданның нақтылауынша, облыста халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1 414 км болса, соның 1 097 шақырымы күтіп ұсталуда. 245 шақырымы күрделі жөнделіп жатса, 72 шақырымы қайта жаңартылып жатыр. Осының ішінде облыс орталығынан ең шалғайда орналасқан Бөкей ордасы және Жәнібек бағытындағы жолдар құрылысының ұзаққа созылып, жиі сынға іліккені мәлім. Биыл осы бағыттағы жолдардың астыңғы төсемін бітіріп, қозғалыс үшін ашу, алдағы жылы толық аяқтау көзделуде. Дегенмен нақты жағдай қалай?
«Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын тас жолдарын биыл астыңғы қабатын төсеп, қозғалыс үшін ашамыз деп жоспарлағанбыз. Мердігерлер белгіленген кесте бойынша жұмыстануда. Дегенмен бірнеше күн бойы жаңбырдың толассыз жаууы кедергі келтірді. Топырақ кеуіп, үлгермей жатыр. Өзіміз осы нысанның басында жүрміз», - деді А. Мардан.
Сонымен, аталған жолдардың астыңғы қабатын төсеуді аяқтау ауа райына байланысты болып тұр. Бұл қалған уақытта біте ме?
«Қазіргі уақытта Жәнібек ауданы Күйгенкөл мен Казталов ауданы Нұрсай ауылы арасында аяқталмаған 10 шақырымдай жол бар. Сол секілді Бөкей ордасы ауданы Бисен мен Сайқын ауылдары арасында 19-20 шақырымдай жолдың астыңғы қабатына асфальт төселуі қажет. Әрине, мұның биыл мәресіне жеткені тұрғындарға жақсы. Бірақ нақтысына әлі көз жетпей тұр. Ауа райы бұзылып кетсе, аталған бөліктерде жол жүрудің қиындап кетері анық», - деді Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округінің тұрғыны Алтай Молдашев.
Жол құрылысына бөлінетін қаржы тиімді жұмсалып жатыр ма?
БҚО мәслихатының депутаты Тұрарбек Тілемісовтің айтуынша, жыл сайын жол құрылысына бөлінетін қаржы көлемі күрт өсіп келеді. Егер 2015 жылы барлық жолдарды жөндеу-құрылыс жұмыстарына 14 млрд теңге жұмсалса, биыл бұл мақсатқа 81,5 млрд теңге қаралды. Ал 2024 жылы 800 км жолды ретке келтіру үшін 100 млрд астам теңгені бөлу көзделуде. Сонда қанағаттанарлық жол көлемі 52 пайызға дейін жетпек.
Депутаттың ойынша, жол құрылысында бірқатар түйткілді мәселелер бар. Біріншіден, жобалау-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде көбінесе геология мен жергілікті жердің жағдайы, топырақтың ресайклерлеу технологиясы бойынша орташа жөндеуге топырақтың жарамды не жарамсыз екендігі ескеріле бермейді. Жолдың жабынына кері әсер ететін сор топырақ та кездеседі. Қар суы асып кететін жерлер дер кезінде анықталмайды. Жобалау кезінде автожолдардың ұзындығы дәл есептелмейді. Мысалы, Тасқала-Аққурай-Болашақ жолын орташа жөндеудің нақты бөлігі жобадағыдан 3,5 шақырымға, Теректі-Ақсай жолынікі сметалық есеп пен ведомстволық сараптамада көрсетілгеннен 980 метрге қысқа. Бұл мамандардың сол жұмыстар жүргізілетін жерлерге бармай, салғырт қарағандығын көрсетеді.
Екіншіден, облыс жолдарында салқын ресайклирлеу әдісін қолдану өзекті мәселе болып отыр. Бұл тәсіл бұрыннан асфальтбетон жабыны бар жолдарда жаңа материалдармен бірге қолданылуы тиіс. Бірден топырақтың үстіне салуға болмайды. Бұл да ескеріле бермейді. Айталық, Тасқала ауданында Оян ауылына апаратын 38 км аралықта ескі асфальтбетон жабыны болмаса да, жаңа жол солай салынған. Осындай мысалдарды басқа жол құрылыстарынан да келтіруге болады.
«Салмағы ауыр жүк көліктері жүрген кезде мұндай жолдар ұзаққа шыдамайды. Қысқаша айтқанда, сапаға көңіл бөлу керек. Бюджеттің осыншама қаржысын тиімді пайдалануды жол құрылыстарын жобалау кезінде де мұқият ескеру қажет», - деді Т. Тілемісов.
«Жол сапасына байланысты айтарым, жобалау-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ) сараптамадан талапқа сай өтуі маңызды. Өкінішке қарай, тапсырыс беруші дұрыс тексермегендіктен, ЖСҚ сараптамадан өткеннен кейін қателер көп шығып жатады. Мұны мердігер ретке келтіру үшін тапсырыс берушіге хат жазумен уақыт жоғалтады. Бұл қателерді мейлінше болдырмау мақсатында ЖСҚ-ға сараптама жасап, қорытынды беретін мекемелерді сұрыптап, қатаң бақылауға алу қажет. ЖСҚ-ға жасалған сараптама, қорытындылар барынша сұрыпталып, қателері дұрысталып, өндіріске берілсе, жол сапасы да барынша дұрысталар еді. Сонымен қатар жол жасайтын мекемелер де сапалы қызмет атқаруы тиіс, бұлардың жұмыстарын да қатаң бақылауға алу керек. Бұл жерде, біріншіден, тапсырыс беруші жалдаған техникалық қадағалау мекемелерінен сұрау болу керек, екіншіден, қоғамдық ұйымдарды жол жөндеу барысын бақылауға тартуымыз қажет деп ойлаймын», деді оралдық инженер Махамбет Ораз.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры Абылайхан Алшынбаевтың мәліметіне қарағанда, мекеме қызметкерлері жол сапасын ұдайы тексеріп келеді. Жергілікті жолдар желісі бойынша мамандар 261 рет шығып, 157 ақаулық анықталып, ескерту берілді. 811 дана жол-құрылыс материалдары сұрыпталып, сыналса, соның 405-і немесе 50 пайызы талапқа сай келмеді. Республикалық жолдар желісі бойынша мамандар 176 рет шығып, 136 ақаулық белгілі болды. 485 дана жол-құрылыс материалының 174-і немесе 35 пайызы сәйкес болмай шықты.
«Көбіне асфальт жабыны қалыңдығының сай болмауы, жарықтар мен шұңқырлардың болуы, технологиялық талаптардың сақталмауы сияқты ақаулықтар кездеседі. Сондай-ақ асфальт жабынын төсеу барысында нысан басында техникалық қадағалау мамандары болмай шығады», - деді А. Алшынбаев.
Бұдан шығатын түйін, жоспарланған жолдардың дер кезінде салынуы немесе күрделі жөнделуі аса маңызды. Екіншіден, тез саламыз деп сапаны да ұмытуға болмайды. Бұған мамандар баса назар аударып отыр.