Батыс Қазақстан облысындағы су қоймаларының жағдайы қалай

ОРАЛ. KAZINFORM – Жайық, Шаған, Қараөзен және Сарыөзен трансшекаралық өзендері Батыс Қазақстан облысының басты су артериясы болып есептеледі.

Батыс Қазақстан облысындағы су қоймаларының жағдайы қалай
Фото: Ғайсағали Сейтақ

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Хұсайыновтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, аталған өзендер ағысының 80 пайызы Ресей Федерациясы аумағында қалыптасады. Сондықтан өзендердің жоғарғы ағысындағы гидрологиялық режимге тікелей тәуелді.

Рауан Ерланұлының сөзіне қарағанда, «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы Ресей Федерациясының су шаруашылығы қызметтерімен, атап айтқанда, Орынбор, Саратов облыстарының, Башқортостан Республикасының тиісті мекемелерімен тікелей және тұрақты байланыс орнатты. Көктемгі тасқын кезінде су шаруашылығының күнделікті жағдайы туралы ақпарат алмасылып отырады. Бұл су шаруашылығы нысандарын сәйкесінше реттеп, тасқын суын апатсыз өткізуге мүмкіндік береді. 

Батыс Қазақстан облысындағы су қоймаларының жағдайы қалай
Фото: Ғайсағали Сейтақ

– Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне 15 ақпаннан бастап секундына 139 текше метр су жіберіліп жатқаны белгілі. Күні бүгін су қоймасы жобалық көлемге 76 пайызға толған. Бос сыйымдылығы – 767 млн текше метр. Ағымдағы гидрологиялық режимге сәйкес аталған су жіберу көлемі 15 наурызға дейін сақталады. Осыған орай су қоймасының сыйымдылығын 950,0 млн текше метрге жеткізу көзделуде, бұл жобалық көлемнің 70 пайызын құрамақ, - деді Р.Хұсайынов. 

Оның айтуынша, облыстағы 5 ауданның 87 елді мекенін сумен қамтамасыз етіп отырған Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі Жайықтан суарылады. Жүйенің каскадты су қоймаларында жалпы көлемі 260,3 млн текше метр стратегиялық су қоры жинақталады. Бүгінде су қоймалары орташа есеппен жобалық көлемнен алғанда, 58 пайызға толған. 

Шаған өзеніндегі Шаған су қоймасы 2025 жылдың вегетациялық кезеңі аяқталғаннан кейін уәкілетті органдардың келісімімен қазан айының 25-інен пайдаланылмайтын көлемге дейін босатылды. Сөйтіп көктемгі тасқын суды өткізуге дайындалды.

Батыс Қазақстан облысындағы су қоймаларының жағдайы қалай
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Қараөзен мен Сарыөзендегі су қоймалары Ресейде 46, Батыс Қазақстан облысы аумағында 57 пайызға толған. 

Филиал теңгеріміндегі су шаруашылығы нысандарында жоспарлы көзбен шолу тексерісі жүргізіліп, көктемгі кезеңге дайындық құжаттары толтырылды, бүгінде нысандар қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. 

– Жыл сайын су шаруашылығы нысандарын қалыпты техникалық жағдайда ұстау, су тасқынын апатсыз өткізуге дайындау, су ресурстарын тиімді әрі ұтымды пайдалану мақсатында филиал ағымдағы жөндеу және механикалық тазарту жұмыстарын жүргізеді. 2025 жылы 20 нысан жөнделіп, 163,7 шақырым арна ішінара механикалық тазартылды. 2026 жылға жоспарлы көрсеткіш сәйкесінше 21 нысан және 150 шақырымды құрайды. Сондай-ақ су шаруашылығы жүйелері мен олардың негізгі жабдықтарының нақты техникалық жағдайын бағалау мақсатында гидротехникалық имараттарға көпфакторлы зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл зерттеулер имараттарды дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді, 2024-2025 жылдары 7 нысанда зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік декларациясы жасақталды. 2026 жылы 3 нысанда аталған жұмыстарды атқару жоспарланып отыр, - деп қосты филиал басшысы. 

Батыс Қазақстан облысындағы су қоймаларының жағдайы қалай
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне жіберілетін су көлемі ұлғайтылғанын жазған едік.

Сондай-ақ БҚО-да 317 уақытша орналастыру пункті 32 мың адамды қабылдай алатыны хабарланды. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум