Батыс Қазақстанда 1 600-ден астам бұралқы ит пен мысық ауланды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында бұралқы жануарларды аулау жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.

БҚО ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиевтің мәлім еткеніндей, жыл басынан бері 1 645 ит пен мысық ауланып, соның 781-і биостерилизациядан өткізілгеннен кейін мекендеу ортасына кері жіберілді.
Оның сөзіне қарағанда, қалған 874 ит-мысық тұрғындардың өтініштері негізінде жансыздандырылды.
- Қазіргі таңда иттер мен мысықтарды тіркеуге арналған дерекқорда 26 113 ит пен мысық есепке алынса, соның тек 6 390-ның ғана иесі бар. Биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша иттер мен мысықтарды күтіп ұстау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін жергілікті полиция қызметкерлерімен 103 әкімшілік хаттама толтырылып, 2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, - деді А.Бралиев.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс аумағында ветеринариялық станцияларға тиесілі 12 панажай (жалпы сыйымдылығы 180 жануар) бар. Сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы 1 уақытша ұстау орны (сыйымдылығы 75 жануар) және жануарларды қорғау ұйымдарына тиесілі 6 панажай қызмет атқарады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 3 ірі қара малдан құтыру ауруы табылғанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да жануарлардан 1 300-ден астам адам зардап шекті.