Батыс Қазақстанда 130 жасөспірім полицияға жеткізілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында БҚО аумағында 29 желтоқсан – 7 қаңтар аралығында «Демалыс» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Полиция, жасөспірім
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, осы мерзімде 130 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілген. 

Соның ішінде 126-сы әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттерге барған. Төртеуі қараусыз және бейберекет жүрген. Кәмелетке толмағандардың үшеуі бейімдеу орталығына орналастырылды.

— Іс-шара барысында барлығы 205 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Соның 15-і ата-аналардың немесе заңды өкілдердің тәрбиелік міндеттерін орындамауы болса, 8 жасөспірім түнгі уақытта ойын-сауық орындарында қыдырған. 5 адам алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзған. Екеуі алкогольдік ішімдіктерді ішкен немесе қоғамдық орындарда мас болған. 176 жасөспірім түнгі уақытта заңды өкілсіз немесе тұрғынжайдан тыс жерде жүрген. Әлеуметтік жағдайы нашар 5 отбасы профилактикалық есепке қойылды. Бұрын осындай есепте тұрған 235 отбасы және тізімдік есептегі 155 кәмелетке толмаған тексерілді, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жаңажылдық мерекелерге қатысты 362 нысан есепке алынғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар