Батыс Қазақстанда 140-қа жуық бала пневмониядан емделіп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы ауруханаларында 138 бала пневмониядан ем алуда.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, соның ішінде 39-ы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, қалған 99-ы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жатыр.
Пациенттер арасында көп жағдайда пневмонияның бронхообструктивті, сегменттік және лобальды (өкпенің ішінара қабынуы) түрлері орын алып отыр.
Басқарма мәліметіне қарағанда, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімшесіне күніне орта есеппен 15-20 бала түседі. Ем алған сонша бала жазылып шығады.
- Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына соңғы тәулікте 30 бала жүгініп, олардың 15-і жатқызылды. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының 103 операторына жоғары температура, жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша тәулігіне орташа есеппен 250 балаға шақырту жасалады. Осыған орай БҚО денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарға алдағы мереке күндері балалармен, соның ішінде 5 жасқа дейінгі балдырғандармен халық көп жиналатын орындарға бармауды ұсынады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шошқа тұмауына шалдыққан балалар саны 16 пайызға көбейіп кеткенін жазған болатынбыз.