Батыс Қазақстанда 171 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар егілді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биыл 613 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін болады.

жер жырту, егістік, ауыл шаруашылығы техникасы
Фото: ҚР Үкіметі

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 291 мың гектарға немесе 47,5 пайызға дәнді дақылдар (соның ішінде 92 мыңы – күздік), 119 мың гектарға (19,4 пайыз) майлы дақылдар, 4,2 мың гектарға (0,7 пайыз) картоп, көкөніс-бақша, 119 мың гектарға (32,4 пайыз) мал азықтық дақылдар өсіріледі. 

Жасұлан Жолдыбайұлының сөзіне қарағанда, көктемгі егіске қажетті тұқымдар мен техникалар толық дайындалды.

Күні бүгінге дейін 462 мың гектар егістік алқабының ылғалы жабылып, жұмыс 100 пайыз атқарылды. 167 мың гектарға (жоспар – 185 мың, 92 пайыз) культивациялау жүргізілді. 

- Осы уақытқа дейін 171 мың гектарға (45,8 пайыз) жаздық дақылдар, соның ішінде 101 мыңына (50,5 пайыз) дәнді дақылдар, 51 мыңына (43 пайыз) майлы дақылдар және 19 мың гектарға мал азықтық дақылдар (37 пайыз) егілді. Бұдан бөлек, 660 гектарға картоп, көкөніс-бақша дақылдары (15,8 пайыз) отырғызылды. Егу жұмыстары жалғасуда, - дейді Ж.Халиуллин. 

Оның айтуынша, көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге 8,4 мың тонна дизель отыны бөлініп, кестеге сәйкес 4,5 мың тоннасы (53,6 пайызы) Атырау мұнай өңдеу зауытынан алынды.

Атырау мұнай өңдеу зауытынан тасымалдаушы оператор - «Petro Retail» ЖШС, Орал қаласындағы мұнай базаларынан жіберу бағасы литріне 254 теңгеден келеді. 

- Көктемгі егіс пен егін ору жұмыстарына диқандарды барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялау мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге (соның ішінде – 1,9 млрд теңге субсидия) қарастырылды. Оған қоса осы мақсатқа несиелеуге облысқа 22,0 млрд теңге бөлінді. Бүгінде шаруаларға 5 пайызбен 7,2 млрд теңге (33 пайыз) несие берілді, бұның сыртында 2,1 млрд теңгеге жуық несиенің өтінімдері қаралуда. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жалпы сомасы 4,9 млрд теңгеге (39,2 пайыз) 529 техника лизингке алынды (жоспарланғаны – 12,5 млрд теңге), - деді басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 10,9 млрд теңге жұмсалатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар