Батыс Қазақстанда 19,2 мың бала диспансерлік есепте тұр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 18 жасқа дейінгі 214,4 мыңнан астам бала бар. 

Батыс Қазақстанда 19,2 мың бала диспансерлік есепте тұр
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллинаның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 19,2 мың бала диспансерлік есепте тұр.

Айнаш Жұбанышқызының сөзіне қарағанда, облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі балалар саны 3 742 болса, соның 3 554-і немесе 95 пайызы сауықтырудан өткізілді.

— Мемлекет басшысының «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасын әзірлеу жөніндегі бастамасына сәйкес биыл Халықаралық балаларды қорғау күні аясында 26 мамыр — «Дәрігер — балалардың жанашыры» атты тақырыптық күн болып бекітілді. Осыған орай өңірде іс-шаралар жоспарына сәйкес медициналық ұйымдар мен емханаларда дәрігерлер балаларды тексеруден өткізіп, тегін кеңес беріп жатыр, — дейді Айнаш Ғұбайдуллина.

Оның айтуынша, облыста жыл сайын 12 мыңға жуық әйел жүктілігі бойынша есепке алынып, 11 мыңнан астам сәби дүниеге келеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақстан Республикасында педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» 2022 жылғы 15 наурыздағы бұйрығына өзгеріс енгізілуіне сәйкес даму және ерте араласу орталығын Орал қаласындағы алты емханада, Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала аудандық ауруханаларында және Бәйтерек аудандық № 2 ауруханасында биылғы үшінші тоқсанның соңына дейін ашу жоспарланып отыр. Аталмыш орталықта ана мен бала денсаулығын бақылау бағытында бірнеше кабинет жұмыс істейтін болады. Оған қоса медициналық санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында дені сау баланың кабинетінде сәбилер дүниеге келгеннен кейін скринингтік тексеру жүргізіледі.

— Балалар денсаулығы ұдайы назарда. 2025 жылы барлығы 188 083 бала (2024 жылы — 187 173) профилактикалық тексеруден өткізілуі тиіс. Биылғы бірінші тоқсанда облыс бойынша 58 161 бала (2024 жылы осы мерзімде — 36 129) қаралды. Соның ішінде 11 695 баладан (2024 жылы бірінші тоқсанда — 6 111) алғаш рет ауру анықталды, — деді Айнаш Ғұбайдуллина.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас педиатры Венера Елеусінованың нақтылауынша, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жылына 54 мыңнан астам бала жүгініп, соның 12 мыңнан астамы стационарлық ем алады. 20 мыңнан астамы кеңес беру-диагностикалық бөлімшесіне жіберіледі.

— Балаларға дер кезінде хирургиялық көмек көрсету және оны орталықтандыру мақсатында биыл жыл басында аталған ауруханада жақ-бет хирургиясының 10 төсек-орны ашылды. Алдағы уақытта отоларингологиялық және офтальмологиялық төсек-орын ашу көзделуде, — деді Венера Елеусінова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда үшем босанған көпбалалы ананың перзентханадан шыққанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар