Батыс Қазақстанда 21 елді мекен спирттік ішімдіктен бас тартты
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында спирттік ішімдіктерді тұтыну мен сатудан бас тартқан 21 елді мекеннің 15-інде биыл бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ауылдарда спирттік ішімдікті ішу мен сатудан өз еркімен бас тарту саламатты өмір салтын орнату мен қоғамдық тәртіпті сақтауға септеседі.
Атап айтқанда, Ақжайық ауданында Жамбыл (Жамбыл ауылдық округі), Қарағай (Алғабас), Жәнібекте Тегісшіл (Борсы), Жұмаев (Тау), Казталовта Саралжын (Бірік), Сарықұдық (Талдыапан), Сырымда Жетікөл, Қосарал (Қосарал), Абай (Сарой) ауылдары алкогольден бас тартты.
Сондай-ақ осы тізімге Тасқала ауданынан Жігер (Тасқала ауылдық округі), Ақкүтір, Қараой, Қызылбас (Ақтау), Алмалы, Қалмақшабын, Қисықсай (Қазақстан), Талдыбұлақ, Еменжар (Шежін), Қалмақ (Мереке), Теректіден Бозай (Ақсоғым, Шыңғырлаудан Ақсуат (Қарағаш) елді мекендері енді.
Бастама көтергендердің бірі – Ақсоғым ауылдық округіне қарасты Бозай елді мекенінде қазіргі таңда дүкенде арақ-шарап сатылмайды.
Теректі ауданы Ақжайық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Дидар Ахметовтің айтуынша, аталмыш бөлім қамтитын аумақта 5 ауылдық округте 24 елді мекенде 10 мыңға жуық халық тұрады.
– Өткен жылмен салыстырғанда, мал ұрлығы да азайды. Ақсақалдар кеңесі мүшелерімен ақылдаса отырып, полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шараларға баса мән беріп отыр. Мұны жастар да қолдаған. Бозай ауылында тұрғындар спирттік ішімді тұтынудан толықтай бас тартты. Мұнда 10 жылдан астам уақыт бойы қызмет атқаратын Ақсоғым ауылдық округінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Қайсар Есентаевтың еңбегі мол, - дейді Д. Ахметов.

Учаскелік полиция инспекторы Қ. Есентаев өңірде басқа да ауылдық округтер тұрғындары осы бастаманы кеңінен қолдаса екен деген тілегін жеткізді.
– Әрине, арақ-шарап сатылмайтын дүкендердің көбейгені абзал. Бұған біз де мүдделіміз. Егер тұрғындар спирттік ішімдіктен бойын аулақ ұстаса, құқық бұзушылықтың азаятыны анық, - деді Тасқала ауданы Шежін ауылдық округінің әкімі Миржан Есқалиев.
БҚО полиция департаментінің деректері бойынша облыста жыл басынан бері масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 43 азамат емдеу мекемелеріне мәжбүрлі түрде жіберілді.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы бойынша (қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйде болу) 2 049 хаттама толтырылды. Сондай-ақ алкоголь өнімін тыйым салынған уақытта немесе 21 жасқа толмағандарға сатқан 66 дүкен иесі әкімшілік жауапқа тартылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 33 жастағы тұрғынның адамдарды қорқытып, ақша бопсалаумен айналысқанын жазған болатынбыз.