Батыс Қазақстанда 260 мал қорымының 195-і шаруашылық тәсілмен салынған
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 260 мал қорымы тіркелген.

БҚО ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиевтің мәлім еткеніндей, соның ішінде 65 мал қорымы үлгі жобамен (биотермиялық) тұрғызылған.
Оның сөзіне қарағанда, қалған 195-і шаруашылық тәсілмен салынған және олардың көпшілігі толып қалған.
– Сол себепті ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай келетін мал қорымдарының құрылысы жүргізіліп келеді. Өткен жылы 5 мал қорымы салынса, биыл тағы біреуінің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін 23 мал қорымын бітіру жоспарланып отыр, - деді А.Бралиев.
Маманның айтуынша, сонымен қатар 222 сібір жарасы көміндісі бойынша да тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. 2024 жылы 125 сібір жарасы көміндісі цемент-бетонды материалдармен, биыл тағы 77-сі жаңадан қоршалды. Қалған 20 сібір жарасы көміндісін қоршау ісі жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 3 ірі қара малдан құтыру ауруы табылғанын жазған едік.