Батыс Қазақстанда 400-ге жуық нәресте туберкулезге қарсы екпе алмаған
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында тұрғындардың туберкулезге шалдығу деңгейі төмендеп келеді.
«Облыстық фтизиопульмонология орталығы» МКК директоры Марлен Кенжеғұловтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биылғы тоғыз айда аталған дертпен сырқаттанушылық 100 мың тұрғынға шаққанда 45,9-дан 44,1-ге дейін, яғни 3,8 пайызға (өткен жылы осы мерзімде 237 адам ауырса, биыл — 230) кеміген.
Сол секілді балалар арасында 100 мың тұрғынға шаққанда 11,9-дан 11,2-ге дейін, 5,6 пайызға (19-дан 18-ге) азайған. Сондай-ақ, өлім-жітім 1,6-дан 1,2-ге немесе 25 пайызға (8-ден 6-ға) төмендеген.
«Мұндай нәтижеге вакцинаның жеткілікті болуы, профилактикалық тексерулер барысында ауруды ерте анықтау, зерттеудің жеделдетілген гендік-молекулалық әдістерін енгізу және қолдану, тиімді де уақтылы емдеу арқылы қол жеткізудеміз. 2014 жылдан бастап облыста G/Expert аппараты аркылы гендік-молекулалық зерттеу қолданылады, ол туберкулез ауруын 2 сағат ішінде анықтайды. 2019 жылдан бастап бұл аппараттар облыстың 7 ауданында орнатылды. Осылайша, тұрғындар жақын жерлерден, өз аудандарынан тексеріле алады», — дейді М.Кенжеғұлов.
Орталық директорының айтуынша, 2018 жылдан бастап елімізде жаңа дәрі-дәрмектер сәтті қолданылып келеді. Соның нәтижесінде туберкулездің созылмалы түрлерімен және онымен қайталап ауыратын науқастардың саны күрт азайды.
Сондай-ақ, туберкулезбен байланысты стигманы төмендету үшін және пациентке бағытталған тәсіл негізінде бактерия бөлмейтін науқастарды амбулаториялық емдеу кеңеюде. Амбулаториялық емдеудің кеңеюіне байланысты туберкулезбен ауыратын науқастарды психоәлеуметтік қолдауға көп көңіл бөлінеді, өйткені сәтті емдеу үшін сапалы тамақтану қажет. Бұл мәселе облыс әкімдігімен де шешілді және биылдан бастап туберкулезбен ауыратын амбулаториялық науқастарға ай сайын 10 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетілуде.
Дәрігердің сөзіне қарағанда, науқастар туберкулезге қарсы препараттармен қажетті көлемде қамтамасыз етілген, емдеу тегін жүргізіледі. Дәріге төзімділігі бар науқастарға препараттарды қабылдау курсын қысқартуға мүмкіндік беретін жеке емдеу схемалары енгізілді.
Емдеу курсын сәтті аяқтау үшін екі шарт қажет: уақтылы медициналық көмекке жүгіну және белгілі бір төзімділікті қажет ететін толық емдеу курсы аяқталғанға дейін препараттарды үздіксіз қабылдау. Емдеу және барлық тексерулер тіркелген жері бойынша емханаларда тегін жүргізіледі.
«Туберкулезбен ауыратын науқастармен байланыста болған және ауыру қаупі жоғары пациенттердің жекелеген санаттарында балалар да, ересектер де тексерілуге жатады. Өкінішке қарай, халықтың тексеруден де, профилактикалық емдеуден де бас тарту фактілері бар. Тағы бір маңызды жайт, туберкулездің алдын алу үшін жаңа туған нәрестелер екпе алуы қажет. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша сәбилерді БЦЖ вакцинациясымен қамту стандартына қол жеткізілді, ол 95,4 пайыз болды. Алайда 377 нәресте вакцина алмады, бұл туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыста болған жағдайда ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін», — деді М.Кенжеғұлов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 600-ден астам қыз баланың адам папилломасы вирусына қарсы егілгенін жазған болатынбыз.