Батыс Қазақстанда 400 тонна пішен өртеніп кетті

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Алғабас ауылында болған өрт оқиғасы туралы әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

қоқыс полигоны
Фото: ТЖМ

Ауыл тұрғынының сөзіне қарағанда, үш сағат бойы күткенімен, өрт сөндірушілер келмеген.

— Ауылдарда өртке қарсы ешқандай дайындық жоқ. Өзіміз алысқанымызбен, ештеңе шығара алмадық. 1 500 рулон пішен, 3 базамыз өртеніп кетті, — дейді Алғабас ауылының тұрғыны.

БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, Алғабас ауылында екі мекенжай бойынша өрт болып жатқаны жөнінде 2 қыркүйек күні сағат 04.49-да хабар түскен.

Абылай хан көшесі 5/1-мекенжайында 240 шаршы метр қора-қопсыға қоса 1 500 рулон шөп (375 тонна), 10 тонна ірі мал азығы және 4 тонна дизельді отын жанып кеткен. 

Оған қоса Абылай хан көшесі 5/2-мекенжайында 240 шаршы метр қора-қопсы, 100 рулон пішен (25 тонна) отқа оранды. 

— Өрт 3 қыркүйек күні сағат 02.41-де оқшауланып, сағат 06.10-да сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 465 өрт оқиғасының тең жартысынан астамы тұрғын үйде тіркеліп отырғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар