Батыс Қазақстанда 413 елді мекеннің 334-і интернетке қосылған
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында байланыс операторларының мәліметі бойынша 413 ауылдық елді мекен болса, соның 334-і интернетке қосылған.

БҚО цифрлық технологиялар басқармасы инфрақұрылымдық даму бөлімінің басшысы Ерғали Ержановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 2023 жылы БҚО әкімдігі мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп бекіткен жол картасына сәйкес Орал қаласы мен 70 ауылда мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жұмыстары жүргізілді.
Оның сөзіне қарағанда, биыл Орал қаласы мен 175 елді мекенде осындай іс атқарылмақ. Соның ішінде 39 ауылда жаңадан базалық станция салу, қалғандарында жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Күні бүгінге дейін 5 елді мекен мобильді интернетпен қамтылып, сапасы жақсартылды.
«Биыл «Кселл» АҚ байланыс операторы 26 елді мекеннің 17-сінде жаңадан базалық станция салып, қалған 9-ын жаңғыртпақшы. Сол секілді «Кар-Тел» (Билайн) ЖШС 23 елді мекенде жаңа базалық станция орнатып, 132 ауылда жаңарту жұмыстарын атқаруды жоспарласа, қазірдің өзінде екеуі байланыс және мобильді интернет желісімен қамтамасыз етілді», - дейді Е.Ержанов.
Оның айтуынша, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің өңіраралық байланыс инспекциясы нысандарда байланыс қызметінің сапасын ұдайы тексеріп келеді. Өткен жылы жоспардан тыс 63 тексеру нәтижесінде 27 елді мен Орал қаласы бойынша операторлар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 165 млн теңге айыппұл салынған болатын.
«Биыл жыл басынан бері байланыс операторларына жоспардан тыс 23 тексеру жүргізіліп, 44,1 млн теңге (оның ішінде: Билайн - 19,3 млн теңге, Теле 2/Алтел - 19,3 млн теңге, Кселл / Актив - 5,5 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды», - деді басқарманың бөлім басшысы.
Оның мәлімдеуінше, ұялы байланыс пен интернет сапасына радиофобия кері әсер етеді. Мысалы, Орал қаласында Мұрат Мөңкеұлы, Бірлік көшесі, 10-шағынаудан, «Жұлдыз» шағынауданы және басқа аудандарда тұрғындар көпқабатты үйлердің төбесіне базалық станцияны орнатуға рұқсат бермей отыр. Бұған себеп – базалық станциялар адам денсаулығына зиян деген жалған ақпараттардың кеңінен таралуы.
«Бұрын болмаған, жаңадан енгізілген нәрседен қорқу – қалыпты құбылыс. Дегенмен өмірімізге дендеп енген жаңа технологияларға бейімделуіміз керек. Сонымен қатар байланыс операторлары базалық станцияларды (антенналар) орнату кезінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен қажетті құжаттарды рәсімдеп, адам денсаулығына қауіпсіз екендігі жөнінде қорытындысын алады. Екінші мәселе – сертификатталмаған репитор, яғни күшейткіш құрылғы орнату. Мұндай құрылғы базалық станцияға келіп тұрған сигналдардың сапасын нашарлатады. Соның салдарынан ауыл тұрғындары сапалы қызмет ала алмайды. Былайша айтқанда, ауылда бір үйде сертификатталмаған осындай құрылғы орнатса, оның көршісі байланыс немесе мобильді интернетті дұрыс пайдалана алмайды. Мұндай деректерді өңіраралық байланыс инспекциясы ауылдардағы байланыс және мобильді интернеттің сапасын тексерген кезде жиі кездестіреді», - деді Е.Ержанов.