Батыс Қазақстанда 465 өрт оқиғасының тең жартысынан астамы тұрғын үйде тіркеліп отыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 465 өрт болып, соның салдарынан 9 адам қаза тауып, үшеуі түрлі жарақат алды.

өрт
Фото: ТЖМ

БҚО ТЖД бастығының орынбасары Елдос Батталовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде тұрғын үй секторында 247 өрт оқиғасы (өткен жылы осы мерзімде – 240, өсім – 2,4 пайыз) тіркелді, бұл – барлық өрттің 53,1 пайызы.

Елдос Нұрланұлының сөзіне қарағанда, өткен жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үйде 186 өрт болып, алдыңғы маусымдағыдан (175) 6,2 пайызға асып түсті. 4 адам (2023-2024 жылғы маусымда – 4) мерт болып, жетеуі (3) жарақат алды. Өрт болмаса да, бір адам газдан уланды. 
Өрт саны, әсіресе, Теректі (+11), Бәйтерек (+5), Бөкей ордасы (+4), Жаңақала (+4) және Жәнібек (+5) ауданында айтарлықтай артып отыр.

- Талдау өрттің көбінесе электр жабдықтарын техникалық пайдалану қағидаларын бұзу, пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, абайсыздық, қасақана өрт қою, балалардың отпен ойнауынан шығатынын көрсетіп отыр. Алдағы жылыту маусымы кезінде оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында екі кезеңде рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Бірінші кезең 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін, екіншісі жылу беру аяқталғанға созылады, - деді Е.Батталов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда сүт комбинатының ғимараты өртенгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар