Батыс Қазақстанда 4800-ден астам киік ауланып, атылды

Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kazinform. 

киік
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәлім еткеніндей, күні бүгін 4 843 киік ауланып, атылды.

«Соның ішінде 1 836-сы кораль әдісімен ұсталып, сойылса, 3 007-сі атылды. Бастапқыда кораль әдісімен қамап ұстау ғана көзделгенімен, бұл қиынға түсті. Содан кейін министрлік тарапынан киікті атуға рұқсат берілді. Киіктерді түнде қумай, жарық түсіріп, атады. Сойылғаннан кейін ішек-қарны топырақпен көміледі. Қазіргі кезде киік етін 5 кәсіпорын қабылдап жатыр», - деді Н.Рахымжанов.

Инспекция басшысының сөзіне қарағанда, киік санын реттеу жұмыстары осы айдың аяғына дейін жүргізіледі. Барлығы 226 мың киікті аулау, ату жоспарланған. Бұл жұмыстарды аудандарда «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс Қазақстан өңірлік филиалымен келісімшартқа отырған жергілікті кәсіпкерлер атқарып жатыр.

«Мүйіздерді «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары кесіп алып, санап, штрих-кодтап сақтауға алып жатыр. Киік мүйіздері 2025 жылға дейін сақталады», - деді Н.Рахымжанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киік еттері төрт комбинатқа жөнелтіліп жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар