Батыс Қазақстанда 50-ден астам адам АИТВ инфекциясын жұқтырған
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында осы кезге дейін АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырған 1 119 адам тіркелсе, соның 66,8 пайызы – ер, 33,2 пайызы – әйел адамдар. Бұл 100 мың адамға шаққанда, 161,4-тен келеді.
БҚО АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Ақтілек Өмірбаевтың мәлім еткеніндей, биылғы он айда 53 адам аталмыш инфекцияны жұқтырған, бұл 100 мың тұрғынға шаққанда, 7,7 (2023 жылғы осы кезеңде – 9,5), өткен жылғыдан 13 дерекке азайған. Соның ішінде ерлердің үлес салмағы 62,3 (33), әйелдердікі 37,7 (20) пайыз болып отыр.
А.Өмірбаевтың сөзіне қарағанда, АИТВ инфекциясы Орал қаласында (69,8 пайыз) көбірек анықталуда. Аудандардың ішінде науқастардың ең көп саны Бөрлі ауданында – 13,2 пайыз, Бәйтеректе – 5,7, Ақжайық, Теректіде – 3,8, Бөкей ордасы мен Казталовта – 1,9 пайыз. Бұл жұқпалы дерттің шалғай ауылдарда да таралып отырғанын көрсетеді.
«Ауырғандардың басым бөлігі немесе 62,3 пайызы (2023 жылғы 10 айда – 60,6 пайыз) инфекцияны гетеросексуалдық жыныстық жолмен жұқтырған. Сондай-ақ 11,3 пайызы (өткен жылы осы кезеңде – 7,6) гомосексуалдық жыныстық жолмен, 24,5 пайызы (24,2) инъекциялық есірткіні пайдаланған кезде парентеральды жолмен кеселге тап болған. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінің аясында Батыс Қазақстан облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы жыл сайын түрлі профилактикалық іс-шараларды өткізеді», дейді орталық басшысы.
Оның айтуынша, өңірде осы ортаға жататын топтар өкілдерінің 90 пайыздан астамы АИТВ-ға тестілеуден өткізілген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын вирустық менингитпен ауруханаға жүгінушілер саны 3,7 есеге артқанын жазған болатынбыз.