Батыс Қазақстанда 560 шақырымнан астам автокөлік жолын жөндеу көзделіп отыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биыл 560 шақырымнан астам автокөлік жолын жөндеу көзделіп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

БҚО
Фото: видеодан алынған скрин

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетовтің мәлім еткеніндей, жыл басында республикалық маңызы бар автожолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 73 пайыз болса, жергілікті жолдардікі – 52 пайыз.

Жыл қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 58 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, биыл республикалық маңызы бар Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын жолын күрделі жөндеу аяқталмақшы. Сонымен қатар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы автожолын қайта жаңғырту бойынша оның 0-36 км және 108-144 км бөлігіне 15,6 млрд теңге қаралып, жұмыстар жүргізіледі. Аталған жолдың 36-72 км және 72-108 км учаскелерін қаржыландыру және қайта жаңғырту жұмыстары «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру аясында 2024-2025 жылдары атқарылатын болады.

«Бөкей ордасы ауданында Хан ордасы ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу жұмыстары биылға жоспарланған. Жоба қүны – 1,95 млрд теңге. Қазіргі таңда мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде», - деді Бауыржан Есқайырұлы.

Оның айтуынша, биыл 19,9 млрд теңгеге облыстық маңызы бар 91 км жол жөнделмекші. Соның ішінде Бөрлі-Ақсай-Жымпиты (68-139 км, ұзындығы 71 км), Чапаев-Жаңақала-Сайқын (130-191 км, 61 км) және Барбастау-Ақжайық-Индер (43-93 км, 50 км) жолдарын қайта жаңғыртуға баса көңіл бөлінбекші. Басқа да жұмыстар атқарылады.

Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 39 жоба жүзеге асырылуда. 2024 жылы 13,4 млрд теңгеге 211 км жолға асфальтбетон жабыны төселмекші. Оған қоса «Ауыл – ел бесігі» және моноқалаларды дамыту бағдарламалары аясында облыс елді мекендерінің көшелерін жөндеу бойынша 32 жоба аясында 8,3 млрд теңгеге 75,5 км жол ретке келтірілмек.

«Аталған жобаларды уақтылы және сапалы жүзеге асыру үшін жол-құрылыс материалдарын, битум мен қиыршық тасты тиісті мөлшерде жеткізу қажет. Сол үшін мердігер ұйымдарға инертті материалдарды жеткізушілермен шарттарды мерзімінен бұрын жасасу және төлеу үшін аванстар қарастырылды. Жергілікті жолдарда 42 нысан бойынша 7,0 млрд теңге аванс төленді. Биыл 1 098 мың тоннадан астам қиыршық тасты тасымалдау үшін 16 мың вагон керек. Күні бүгін қажетті көлемнің 50 пайызы (555 мың тонна немесе 8 мың вагон) қамтамасыз етілді. Барлығы 10 теміржол вагон құрамы жұмылдырылды. Сонымен қатар биылғы жылы 38 мың тонна битум қажет болса, соның 6 мың тоннадан астамы әзірленді. Материалдарды дайындау жұмыстары жалғасуда», - деді Б.Айтмағамбетов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да облыстық жолдарда 9 мердігердің күтіп ұстау жұмыстарын жүргізетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар