Батыс Қазақстанда 670 млн теңге тұратын контрабандалық тауарлардың жолы кесілді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері құны 670 млн теңгеге жуық контрабандалық тауарлардың жолын кесті.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері патрульдік полиция батальонымен бірлесіп, Орал-Бузулук жолында Volvo маркалы екі ауыр жүк көлігін тоқтатқан.
«Жүк көлігінің бірінде 1 348 қорапта ірімшік өнімі табылды, оны жалған құжаттар арқылы тұз ретінде тасымалдаған. Ірімшіктің құны – шамамен 320 миллион теңге. Екінші автокөлікте 1 755 қорап, (87 755 блок) немесе (877 500 пакет) акциздік маркалары жоқ «MILANO» маркалы темекі салынған қораптар табылып, тәркіленді. Бұл тауар жалған құжаттар бойынша құбырлар ретінде тасымалданған. Тәркіленген темекінің шамамен құны 350 миллион теңгеден асады. Күдіктілер контрабандалық тауарлармен мемлекеттік шекарадан өтпекші болған. Тәркіленген тауардың болжамды жалпы сомасы – 670 миллион теңге. Айналымнан алып қойылған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.