Батыс Қазақстанда 800-ден астам адам жануарлардан зардап шекті
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы төрт айда жануарлардан зардап шеккен 817 адам медициналық көмекке жүгінді.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, олар жануарлардың тістеуі, тырналауы және сілекейі тиюі салдарынан жарақат алған. Бұлардың саны өткен жылғы осы кезеңдегіден (833) 16-ға кем.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, соның ішінде 267-сі (2024 жылғы осы мерзімде — 255) — балалар.
Жарақат алғандардың 585-ін ит қапқан. 199-ы мысық, үшеуі жылқы, 10-ы ірі қара, 20-сы басқа жануарлардан зардап шеккен.
— Орал қаласы бойынша 558 адам (2024 жылы осы кезеңде — 607) медициналық көмекке жүгінсе, соның 174-і (183) — балалар. Бір адам ауруханаға жатқызылды. Облыста адамдар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ, — деді Нұрлыбек Мұстаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 10 жасар баланы ит қауып алғанын жазған болатынбыз.