Батыс Қазақстанда АИТВ инфекциясын жұқтырғандар саны 60-тан асты

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы 10 айда 61 адамның АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырғаны анықталды. 

Батыс Қазақстанда АИТВ инфекциясын жұқтырғандар саны 60-тан асты
Фото: pexels.com

БҚО АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Ақтілек Өмірбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бұл өткен жылғыдан 8 дерекке көп.

Ақтілек Армандаұлының сөзіне қарағанда, бұл ең алдымен анықтау шараларының күшеюіне байланысты болып отыр. Дертке шалдыққандардың 42-сі Орал қаласы, сондай-ақ алтауы Бөрлі ауданы, төртеуі Теректінің үлесіне тиеді. Бәйтерек пен Ақжайықта – екі-екіден, Тасқала, Жаңақала, Казталов және Шыңғырлау ауданында бір-бір адамнан табылған. Сонымен қатар біреуінің басқа облыстан келгені анықталды.

– Жұқпалы сырқат балалар мен жасөспірімдердің арасында тіркелген жоқ. Сырқаттанушылардың ең көбі (26) – 30-39 жас аралығында. Ал 20-29 жастағылардан – 7, 40-49-дан – 16, 50-59-дан 9, алпыстан асқандардан 3 адамның кеселді жұқтырғаны белгілі болды. Бұлардың ішінде 41-і немесе 67,2 пайызы – ер, 20-сы (32,8 пайызы) – әйел адамдар, - дейді А.Өмірбаев.

Оның айтуынша, 27-сі еңбек етушілер қатарынан болса, 26-сы – жұмыссыздар. Оған қоса 2 зейнеткер, 2 жазасын өтеуші, 2 тергеуде жатқан, 1 әскери қызметші, әлеуметтік мәртебесі анықталмаған 1 адам есепке іліккен.

– Жұқпалы дерттің 88,6 пайызына дейіні жыныстық жолмен таралған. Сонымен қатар 9,8 пайызы парентералдық жолмен жұққан, бұл ең алдымен инъекциялық есірткі қолданумен байланысты. Бұл үлес алдыңғы жылдармен салыстырғанда, төмендегенімен, әлі де өзекті болып отыр. 1996 жылдан бері өңірде АИТВ инфекциясының 1 192 дерегі тіркелген, - деді орталық басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 50-ден астам адамның АИТВ инфекциясын жұқтырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар