Батыс Қазақстанда асыл тұқымды қойлардың қазіргі жағдайы қалай

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы жыл басында 1 млн 200 мыңдай қой тіркелген.

Бақташылар Алтай қойын қазақтың көші-қон дәстүрімен бағады — шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: «Халық газеті» басылымы

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің мәлім еткеніндей, соның 60 пайызы немесе 708 мыңы агроқұрылымдарда, ал 40 пайызы (469 мыңы) жеке қосалқы шаруашылықтарда өсіріледі.

Жасұлан Жолдыбайұлының сөзіне қарағанда, өңірде әрқайсысында қой саны 1 мыңнан асатын 100 шаруашылық бар. 

- Жыл санап асыл тұқымды қой саны, оның жалпы мал басындағы үлесі өсіп келеді. Қазіргі таңда облыста 76 мыңнан астам асыл тұқымды қой бағылады. Соның 90 пайызы дерлігі – Еділбай қойлары, - дейді Ж.Халиуллин. 

Оның айтуынша, көп ғасырлық халықтық селекция нәтижесінде табиғи іріктелу жолымен шығарылған Еділбай қойы қатаң климатқа бейімделген. Ол төзімділігімен, ірі денесімен, өсімталдылығымен ерекшеленеді. Бұл тұқымның генетикалық ақауы жоқ. Қозысы да 98 пайызға дейін сақталады.

Республикадағы Еділбай қойының үздік тұқымы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы «Бірлік мал зауыты» ЖШС-да сақталған. 

Өңірде 1996 шығарылған Ақжайық етті-жүнді кроссберд қой тұқымы да өсімтал, еті мен жүнінің сапасы жоғары. Бұл қой негізінен «Қуаныш» шаруа қожалығында бағылады. Мұның қошқарлары отарларды тауарландыруды жақсартуға елеулі түрде әсер етуде. Айталық, өткен жылы тұқымдық түрлендірумен 193 мың саулық қамтылды. 

- Бұл тауарлы қой өнімділігінің өсуіне септігін тигізді. Өткен жылы өндірілген 7,3 мың тонна қой еті облысты қамтып қана қоймай, шет елдер мен Қазақстанның өзге өңірлеріне жөнелтілді. 2024 жылы 400 тоннадай қой еті мен 4 мың бас қой Әзербайжан, Өзбекстан және Иранға сатылды.

Бұдан бөлек, еліміздің басқа аймақтарына 125 мың бас қой өткізілді, - деді Ж.Халиуллин. 

Басқарма басшысы келтірген деректерге қарағанда, облыста тірі қойды қабылдау мен оның етін экспорттауға арналған, қуаттылығы тәулігіне 1 мың басқа дейін «Кублей» және «Батыс-Нық» ет өңдеу кешендері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, қуаттылығы тәулігіне 1 400 бас қозы соя алатын «Батыс Марка Ламб» ЖШС инвестициялық қолдауға мұқтаж болып отыр.

- Салаға елеулі түрде мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Соңғы 10 жылда асыл тұқымды қой сатып алу шығынын арзандату және асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін қой өсірушілерге 5 миллиардтай теңге өтеусіз субсидия төленді. Оған қоса фермерлер «Алтын асық», «Сыбаға», «Агробизнес», «Ауыл аманаты» бағдарламалары бойынша жеңілдетілген несие алып келеді.

Биылғы 1 тамыздан мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кешендерін ұстау үшін айналымдық қаржыны толықтыруға несие беріле бастайтыны, сондай-ақ асыл тұқымды қой сатып алуды 5 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру үшін «Игілік» бағдарламасының іске қосылуы шаруаларға кең жол ашып отыр, - деп түйіндеді сөзін Ж.Халиуллин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда қой шаруашылығын қалай дамытуға болатынын жазған едік

Соңғы жаңалықтар