Батыс Қазақстанда астық өнімін молайту үшін не істеу керек

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында дәнді және майлы дақылдарды жинау науқаны толықтай өз мәресіне жетті. Биылғы өнімділік көңіл қанағаттандыра ма, астық өнімін көбейтудің жолдары қандай? Осыған байланысты Kazinform тілшісі жағдайды саралап көрді.

астық
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Орташа өнімділік — 10,1 центнер

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің мәлім еткеніндей, биыл жалпы егіс алқабы 616 мың гектар болса, соның ішінде 313 мың гектары — дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 102 мыңы — майлы дақылдар.

Өткен жылдардағы көпжылдық шөптер егісін қоса есептегенде, 197 мың гектарға мал азықтық дақылдар себілді. Картоп және көкөніс-бақша дақылдары 4,0 мың гектар алқапқа отырғызылды. 

егін
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Жасұлан Жолдыбайұлының сөзіне қарағанда, дәнді-бұршақты дақылдар (жасымық, құмай, ноқат) егісі 22 мың гектарға жетіп, өткен жылғыдан 2,5 есеге асып түсті. Бұл өсімдік шаруашылығындағы әртараптандыру бағытына сәйкес келеді.

«Күз — диқандар үшін жыл бойғы үздіксіз еңбектің нәтижесін көретін берекелі мезгіл. Облыс диқандары гектарынан 10,1 центнер орташа өнімділікпен алғашқы салмақта 300 мың тоннаға жуық астық бастырды. Сонымен қатар 96 мың тоннадай майлы тұқым (орташа өнімділік — гектарына 10 центнер) жиналса, соның 53 мың тоннадан астамы — күнбағыс. Қазіргі уақытта кеш пісетін көкөністер мен картоп қазылып, жиналуда. Жақын күндері бұл жұмыстар да аяқталады», дейді Ж.Халиуллин. 

Оның айтуынша, егіншілік мәдениеті қалыптасқан, агротәсілдерді уақытылы жүргізіп, танаптарға тыңайтқыштар енгізетін алдыңғы қатарлы кейбір агроқұрылымдар жаздық бидайдан гектарына 24-26, күздік бидайдан 35-37 центнерден өнім алды. Бұл тынымсыз еңбектеніп, ізденсе, мүмкіндіктің мол екендігін көрсетеді.

Жиналған астық көлемі келесі жылғы егіске қажет тұқым қорын құюға, азық-түлік мақсатына пайдалануға жеткілікті деп есептеледі.

егін жинау егістік
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Алдағы қыстаққа 233 мың тонна жемдік астық қажет болса, соның 70 пайызға жуығы жергілікті өнім есебінен жабылады, ал қалған жетіспейтін көлем еліміздің астықты аймақтарынан және Ресейдің көршілес өңірлерінен тасымалданады.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, биылғы көктемгі егіс пен егін ору жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтау үшін, сондай-ақ кепілді өнімді қамтамасыз етуде агротехнологияларды сақтауға жағдай жасау мақсатында мемлекет тарапынан айтарлықтай нақты қолдау көрсетілді. 

Атап айтқанда, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі арқылы облысқа «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 5 пайыздық мөлшерлемемен диқандарды қаржыландыруға 14 млрд теңгеден астам несие қаражаты бөлінді.

Бұған дейін мұндай қаржыландыру болмағанын ерекше атап өткен жөн. Осындай мол қаражатқа Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасының арқасында қол жеткенін айта кету керек.

Сонымен қатар дала жұмыстарына арзандатылған жанар-жағар май бөлу, қолданыстағы субсидиялау бағдарламаларын жүзеге асыру әдеттегідей жалғасын табуда. 

егін
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

«Өсімдік шаруашылығы бағытын субсидиялауға (тұқым шаруашылығын дамытуды, тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын, басым дақылдар өндірісін дамытуды және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру қызметтері құнын субсидиялау) жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді, бұл былтырғыдан 52 пайызға артық», дейді Ж.Халиуллин.

Егін ору жұмыстарымен қатар күздік егіс маңызды агронауқан екендігі мәлім. Биыл шаруалар 2025 жылдың өніміне 88 мың га алқапқа күздіктер дәнін (күздік бидай мен қара бидай, тритикале) септі. Жақында жауған жаңбыр бұған оң әсерін тигізері сөзсіз. 

Басқарма басшысы астықты жинаумен қатар оны талапқа сай сақтау да маңызды екендігін айтады. Өңірде арнайы лицензиясы бар 8 астық қабылдау кәсіпорны Бәйтерек, Бөрлі, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласының аумағында орналасқан. Бұлардың жалпы сыйымдылығы — 586 мың тонна.

Сондай-ақ агроқұрылымдарда 174 мың тоннадай астық қоймалары бар. Қолда бар астық қоймаларының сыйымдылығы биылғы жиналған өнімді сақтауға жеткілікті. 

Диқандар егін өнімін облыстағы өздеріне жақын орналасқан астық қабылдау кәсіпорындарына уақытша сақтауға немесе кейіннен оларға сату келісімімен тапсырады. Бұған қоса, диқандар өздеріне қажетті тұқымдық және жемдік астықты шаруашылық жанындағы сақтау қоймаларына да құяды.

бидай
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Батысқазақстандық шаруалар майлы дақылдарды негізінен облыстағы жалғыз май зауыты «Пойма Май Комбинаты» ЖШС-не қайта өңдеуге тапсырады, сондай-ақ жеке келісім негізінде нарықтағы өзге де сатып алушыларға тікелей өткізеді.

«Отандық диқандарды қолдау және ішкі нарықты „сұр“ импорттан қорғау мақсатында ел аумағына көліктің барлық түрімен бидай әкелуге жыл соңына дейін тыйым салынды. Бұл шешім Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды. Сала мамандарының пікірінше, 2024 жылғы егін астығының жиналуымен байланысты болған бағаның төмендеуі енді тұрақты өсу үрдісіне өзгеруі ықтимал», деп түйіндеді сөзін Жасұлан Халиуллин.

Өнімді молайту үшін жаңа технологиямен жұмыс істеу керек

Өңірге танымал ғалым-агроном, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғманов астықтан мол өнім жинау үшін жаңа дақылдарды егіп, озық технологияларды пайдалана білу керектігін айтады.

«Биыл жаңбыр да жауған сияқты, ауа райы да біршама қолайлы болды. Соның өзінде облыс бойынша орташа өнімділік гектарына 10 центнерден айналды. Жалпы, соңғы 22 жылды алып қарағанда, өңірде орташа өнімділік 9 центнерден жоғары болып тұр. Кей жылдары өнім жақсы жиналса, кейде көрсеткіш түсіп кетеді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 2010 жылы 3,4 центнерден алсақ, 2016 жылы 15,7 центнерден келді. Жалпы, жаздық бидай, арпа, сұлы, тарымен өнімділік деңгейін көтеремін деу қиын. Ресейдің көршілес Саратов, Орынбор, Волгоград облыстарында егіс құрылымында бұл дақылдар жоқ. Сондықтан басқа дақылдарды көбірек егуді қолға алу керек», деп есептейді ғалым.

Ғалым-агроном алтын тұқым болса да, оны өсірудің технологиясын сақтамаса, мол өнімге қол жеткізудің қиын екендігін жеткізді. Бұл жерде озық технологияны қолдана білген аса маңызды.

жүгері
Фото Алдаберген Нұғмановтың жеке архивінен

Мысалы, «Амангелді-АГРО» ЖШС алқабында жүгеріні классикалық тәсілмен еккен кезде одан гектарына 3-4 тонна, ал пленкамен жапқанда, 6-7 тонна өнім алынған, айырмашылық көрініп тұр.

Бәйтерек ауданы Краснов ауылдық округінде, Шыңғырлау ауданы Амангелді елді мекені маңында биыл жүгеріден гектарына орташа 30-40 центнерден берді. Күздік бидай 10 центнерден айналды. Сонда қай дақылды еккен тиімді.

«Өңірде ауа райы өзгеріп жатыр, жазда ыстық күндер көп. Осының бәрін ескере отырып, жаңа технологияларды енгізу керек. Алдағы жылы бұл ретте пилоттық жобаны да қолға алып көреміз деп ойлап отырмыз», деді А.Нұғманов.

Сорго деген дақыл бар

Ғалым-агрономның ойынша, күздік бидай, нұт, жүгері, күнбағыс және сорго (құмай жүгері) дақылдарын дұрыс технологиямен өңдеп, өсірсе, мол өнім алуға болады.

Айталық, Шыңғырлау ауданы Ащысай ауылдық округі Амангелді елді мекені маңындағы өзі ғылыми іс-тәжірибесімен айналысып жүрген «Амангелді-АГРО» ЖШС танабында 810 гектардан 3 мың тонна сорго жиналды. Сонда гектарына 37 центнерден келіп тұр.

алқап
Фото Алдаберген Нұғмановтың жеке архивінен

«Соргоның протеині жоғары, мал үшін құнарлы азық. Бір гектарға 3,5 кг дән сеуіп, аз жерден мол өнім алуға болады. Біз сол шаруашылықта семинар өткізіп, өңірдің шаруа қожалықтары басшыларына кеңесімізді айттық. Ыстықты, құрғақшылықты көтеретін дақыл. Қожалықтың егіс алқабының 5-10 пайызына осы дақылды ексе, пайдалы болар еді. Күздік бидай мен күнбағысқа да мән беру керек. Сол секілді нұттың бағасы жоғары. Оны Түркия, Үндістан секілді елдерге көтеріңкі бағамен өткізуге болады», дейді А.Нұғманов. 

Ғалымның пікірінше, ресейліктер де соргоны Қытайға өткізуге мүдделі. Қазіргі таңда АҚШ Қытайға 8-10 млн тонна сорго жөнелтеді, оларда өнімділік өте жоғары, гектарына 90-100 центнерден келеді. Қанша қуаңшылық болса да, тереңдікте ылғал сақталса, Батыс Қазақстанда өнімділікті 50-60 центнерге жеткізуге болады.

«Ресейден, Франциядан келген ғалымдар сорго өсірудің әлеуеті мол екендігін айтып кетті. Біріншіден, соргодан нан пісіруге болады. Шетелде оның бағасы 15 есе қымбат. Екіншіден, соргодан қант жасауға болады. Ал біз қантты шетелден тасымалдаймыз. Онда да түрлі тыңайтқыш қосылған соң, қызылшаның құрамында зиянды заттар болады. Соргодан экологиялық жағынан таза өнім өндіріледі. Оның тұқымын қайдан аламыз десек, оны Батыс Қазақстанда да жолға қоюға болады. Сонымен қатар қазіргідей жайылымдық жерлер тарылып, шөптен тапшылық көріп отырған кезде төрт түлік мал үшін соргодан пішендеме мен сүрлем әзірлесе, ол да тиімді. Түптеп келгенде, соргоны өсіру бағытында Үкімет арнайы бағдарлама қабылдаса да, артық емес. Бұл егемен елімізде өз өнімімізді өндіруге деген бетбұрыс болар еді», деді А.Нұғманов. 

Жас кадрларды даярлау қажет

Алдаберген Нұғманов кадр даярлаудың егін шаруашылығындағы маңызды мәселелердің бірі екенін айтады. Агрономдық оңай жұмыс емес, сондықтан оған жастар барғысы келмейді. «Бәрін шешетін кадр» деген сөз тегін айтылмаған. Егер агроқұрылымдар білікті мамандармен толық қамтылмаса, іс алға басады деу қиын. 

егіс даласы
Фото Алдаберген Нұғмановтың жеке архивінен

«Шаруаларға көрген-білгенімізді айтып, тәжірибемізді бөлісумен бірге Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен тығыз байланыс жасап, студенттерді тәрбиелеп жатырмыз. Өзім Жансен Мейрамғалиев пен Жиенбек Абзалұлын қасыма алып, оларды оқытып қана қоймай, далалық жұмыстарға да тарттым. Осылайша, жастар заманауи жаңа технологияларды меңгереді. Кезінде шетелдік „Байер“ компаниясында 22 жыл жұмыс істеп, көптеген семинар-тренингтерге қатыстым. Білмегенімді үйрендім. Жас кадрлар да осындай іздену жолына түссе екен», деді А.Нұғманов.

Бакалаврды үздік бітірген магистрант, «Амангелді-АГРО» ЖШС агрономы Жансен Мейрамғалиев қазіргі уақытта Алдаберген Бақиұлымен бірге ашық далада жағдайында жүгері өсірудің жаңа технологиясымен айналысып жатқанын жеткізді.

Оның пайымдауынша, жүгерінің жасыл массасынан сүрлем жасауға, ал дәнді құрама жем зауыттары үшін өнім ретінде пайдалануға болады. 

«Тәжірибелеріміз арқылы құрғақшылыққа және ыстыққа төзімді буданды анықтағымыз келеді. Бұл фермерлік шаруашылықтың рентабельділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Жаңа технологиялар мен ғылыми зерттеулердің арқасында біз тек өнімділікті арттырып қана қоймай, суару шығындарын азайту арқылы өндіріс құнын едәуір төмендете аламыз. Мұндай будандарды қолдану фермерлерге қолайсыз ауа райы жағдайларында да тұрақты түрде мол өнім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл технологияны дамыту мал шаруашылығының жемшөп базасының сапасын арттырып, ет және сүт өнеркәсібінің өнімділігіне оң әсерін тигізеді. Өзіміз сияқты жастар осындай істерге қосылса дейміз. Агроном мамандығына, әсіресе, қыздар көп түседі. Оларды да өз қатарымызда көргіміз келеді», деді Ж.Мырзағалиев. 

 р
Фото Алдаберген Нұғмановтың жеке архивінен

Батыс Қазақстан облысында егіншілікті дамыту, астық өнімін молайту бағытында мамандардың бірқатар ой-пікірлері осындай.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұрақтандыру қорында азық-түлік жеткілікті ме, бағасы қандай екенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар